Әлеумет

Аналар даңқы асқақтады

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Аналар күніне арналған «Қайсар рух, адал еңбек» атты рухани-танымдық кездесу кеші өтті.

Іс-шара барысында соғыс жылдарындағы әйел-аналардың қайсарлығы, тылдағы қажырлы еңбегі және олардың бүгінгі ұрпаққа қалдырған рухани-адамгершілік мұрасы кеңінен дәріптелді. Бұл кеш – майдан мен тылда жан аямай еңбек еткен аналарға тағзым ету, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға ардагерлер,  қоғам қайраткерлері, архив саласының мамандары мен Социалистік Еңбек Ері Сындыбала Оңғарбаеваның ұрпақтары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Өз кезегінде қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған арнайы тақырыптық көшпелі көрмені тамашалады. Көрмеде соғыс және еңбек майданындағы аналарға арналған мұрағаттық құжаттар, тарихи жәдігерлер мен фотоматериалдар ұсынылды.

Сондай-ақ «Өмірдің нұрланған таңы үшін» атты әдеби-сазды композиция барысында түрлі бағыттағы ән-күйлер орындалды. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Инклюзия және театр» жобасы қатысушыларының жетекшісі Гүлзада Қырықбаева №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің сахналауымен Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романынан үзінді қойды.

Облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Ал профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сейдахан Бақторазов «Жеңісті жанкешті еңбегімен жетелеген» тақырыбында баяндама жасады. Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Назым Қожамарова болса, архивтер негізінде құнды мәліметтермен бөлісіп, «Архивтердің ізімен» тақырыбында ой қозғады.

Іс-шара барысында Сындыбала Оңғарбаеваның ұрпақтары да әсерлі  естеліктерімен бөлісті. Қатысушылар С.Оңғарбаеваның тұлғалық болмысы мен еңбек жолына тереңірек қанықты. Бұл сырласу сәті көрермендердің көңілін толқытты. Кеште сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагер-журналист Жаңабай Миллионов өткеннің өнегесі болашаққа бағыт беретін шамшырақ екенін ескертіп, осындай тағылымы мол іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу соңында облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Сындыбала Оңғарбаеваның ұрпақтарына құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады. Ал «Сырғалым» сырласу клубының жетекшісі Балауса Оралбаева «Боз орамал» әнін орындап, аналарға деген жүрекжарды лебізін  жеткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ