Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!
Құрметті жамбылдықтар!
Ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді ұлттың рухын асқақтатып, ел намысын айғақтайтын – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
9 мамыр – бейбіт өмірдің бағасын бағамдайтын, жанқияр ерлік пен құрбандарды еске алатын қасиетті күн. Бұл – тарихтың қатпарлы беттерінде өшпес із қалдырған, халқымыздың өр рухын, темірдей төзімін танытқан Ұлы Жеңіс күні!
Сұрапыл соғыс талай тағдырды тәлкек етіп, сан жүрекке өшпес жара салды. Мыңдаған боздақ ұрыс даласында қаза тапты. Аналар қайғыдан қан жұтып, әйелдер тағдыр тауқыметін жалғыз көтерді, ал балалар жетімдіктің ащы дәмін татты. Бірақ халқымыздың рухы жасыған жоқ, қайта қайсарлықпен күресіп, жеңіске жетті.
Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ерлердің, тылда тынымсыз еңбек еткен жандардың жанқияр ерлігі – ешқашан ұмытылмайтын өнеге.
Жамбыл жерінен майданға сан мыңдаған азамат аттанды. Олардың басым бөлігі шайқаста ерлікпен қаза тауып, талайы хабар-ошарсыз кетті. Бұл – елге адалдықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Өңірге аман-есен оралғандары түрлі салада жемісті еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты.
Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран!
Бүгінгі бейбіт өмір – сол боздақтардың қасық қаны, аналардың көз жасы, тыл еңбеккерлерінің төгілген маңдай терінің жемісі.
Жылдар өткен сайын майдангерлеріміздің қатары сиреп барады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.
Батырларымыздың есімі, қаһармандық жолы – тарихтың алтын парағына мәңгілік жазылады. Ұлы Жеңіс – өткеннің естелігі ғана емес, келешекке жол көрсететін рухани бағдар.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!
Ұлы Жеңіс рухы – елдің бірлігінде, ұрпақтың татулығында, бейбіт өмірдің берекесінде мәңгі жасайды.
Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға шаттық, қастерлі Отанымызға тыныштық пен гүлдену тілеймін!
Еліміздің іргесі берік, келешегі кемел болғай!
Ербол Қарашөкеев,
облыс әкімі