Таразда дәрігерлік амбулатория ашылды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты,деп хабарлайды arainfo.kz
Жаңа медициналық нысан Тараз қаласы Әулиеата ауданы Қызыл жұлдыз алқабында орналасқан.
Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде халықтың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым-бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бұл денсаулық сақтау нысаны 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.
Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар, ересектер мен балаларға арналған консультативті-диагностикалық қызметтер ұсынылады. Сонымен бірге зертханалық диагностика, профилактикалық және скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Психолог пен әлеуметтік қызметкердің кеңесі де қарастырылған.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 нысан халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл 4 нысанның құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базазын нығайтуға 6 млрд теңге қарастырылған.