Қаратау қызғалдағы әлем назарында
Қызғалдақ – табиғаттың нәзік те сұлу сыйы. Қазір бұл гүл біздің өңірдің брендіне айналды. Биыл қызғалдақты ардақтау ниетінде алғаш рет халықаралық деңгейде «Қызғалдақ мұра» фестивалі ұйымдастырылды.
Фестивальдің алғашқы күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Германия, Украина, Ресей, Нидерланды елдерінің биолог-ғалымдары, қоғамдық ұйым өкілдері, флористер, ботаниктер мен журналистер қатысты.
Жиынды университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді. Конференцияда алғашқы болып биология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институтының бас директоры Гүлнар Ситпаева сөз алды. Спикер «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» тақырыбында баяндама жасап, қызғалдақтың алуан түрлі тұқымдас өсімдік екеніне кеңінен тоқталды.
Ал Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкері Александр Дубынин «Қазақстан өсімдіктерінің алуандығын қалай сақтаймыз?» деген тақырыпта баяндама жасап, маңызды мәселелерді көтерді. Ғалымның айтуынша, қызғалдақтардың таралу аумағының күрт қысқаруына малдың таптауы, адамдардың жұлуы себеп болып отыр екен. Сонымен қатар дала мен бұталы алқаптарды өртеу фактілері жиі кездеседі. Тілсіз жау өсімдіктің тамыр жүйесіне дейін күйдіріп, толығымен жояды. Бұрын пайдаланылмаған немесе бос жатқан жерлердің жыртылуы да Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді біржола жойып жіберуде.
Украинадағы Харьков мемлекеттік университеті ботаникалық бағы директорының орынбасары Александр Алёхин «Қазақстанның Жамбыл облысынан әкелінген қызғалдақтар Харьков университетінің бағында» атты баяндамасында көркем гүлдердің жарты ғасырға жуық Харьковте өсіріліп, бүгінде өндірістік орталықтың көшелерін сәнге бөлеп тұрғанын атап өтті.
Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Алмагүл Кендірбаева жабайы қызғалдақтарды қорғау бойынша тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды. Ол табиғи популяциялардың осалдығына және оларды қорғауға халықаралық көзқарастың қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нығматова, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Татьяна Пирогова, «Жабағылы-Манас» Тау клубы қоғамдық бірлестігі жобаларының үйлестірушісі Рауф Сәбитов сөз сөйледі.
Келесі күні Талас ауданы, Есейхан ауылындағы Қаратау тау сілемдерінде ұйымдастырылған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі дүркіреп өтті. Алыс-жақын шетелден келген қонақтар мен облыс тұрғындарының басын біріктірген ауқымды іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашты.
Мұнан соң мәдени-көпшілік іс-шаралар легі басталып кетті. Дүбірлі мерекеде спортшылар ұлттық ойындардың көркін қыздырды. 300-ге жуық қатысушы аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, жілік шағу, дәстүрлі садақ ату, асық ату, арқан тарту және желке тарту секілді спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бәсекенің бірі – құмай тазы жарысы. Сайыс ережесіне сәйкес төрешілер ең жылдам әрі шапшаң тазыларды анықтап, үздіктерді марапаттады. Аталған жарыс шетелдік қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Көкпар бәсекесі де тартысқа толы болды. Тұлпарлар дүбірі мен шабандоздар сайысы ұлттық рухты асқақтатты.
Сондай-ақ іс-шара аясында ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 150 ісмердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме – қазақ қолөнерінің байлығы мен шеберлердің шығармашылығын танытатын алаңға айналды.
Ә дегенде назарымыз киіз басқан қолөнерші әжелерге ауды. Себебі фестивальдің нағыз сенсациясы қызғалдақ өрнегімен безендірілген, көлемі 200 шаршы метр болатын киіз кілемнің таныстырылымы болды. Қызғалдақтың отаны саналатын Қаратау тауының бөктерінде шеберлер үш айлық еңбектерінің нәтижесін көрсетті. Бұл туынды КИНЭС рекордтар кітабына (Қазақстан ректордтар кітабы) енді. Сертификатты рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков тапсырды.
Фестифаль аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» рәсімі де қазақы болмыстың шынайы көрінісіндей әсер қалдырды. Алаңның шетіне құлынды биелер әкелініп, арнайы қазыққа байланды. Мұнан соң бір бие сауылып, үлкендердің бірі ортаға шығып, ақ батасын берді. Ақ тілек аяқтала сала көпшілікке күбіден құйылған қымыз ұсынылды. Жиналғандар кезек-кезек тостақ ұстап, бата дарысын дегендей, бір-бір ұрттап, дәм татып жатты. Дәл осы сәтте сауыншылар арасындағы бие сауу сайысы басталып кетті. Қатысушылардың бәрі де өз жеңісіне сенімді.
Іс-шараның ең әсерлі сәті қызғалдақтар алқабына жасаған сапарымыз болды. Киіз үй тұрған жерден шамамен 20 минуттай уақыт жаяу жүріп, таудың етегіндегі қызғалдақтарға толы кең алқапқа жеттік. Көздің жауын алатын, жерге төселгендей қызыл кілемдей құлпырып тұрған гүлдер арасында бізді күй шертіп отырған домбырашы мен шаңқобызшы қарсы алды. Табиғаттың сұлулығы мен күйдің үні бір-бірімен үндесіп, ерекше бір әсерге бөледі. Әңгімелесе келе білгеніміз шаңқобызшы Дана Ордабекқызы Алматы қаласынан келген гид екен. Ал домбырашы оқушы жігіт – тараздық Әлмерек Қыдырбай. Біз келген сәтте өнерлі өрен өз жүрегінен туған күйін орындап жатқан еді.
Ал Әлмерек Қыдырбай болса халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивальі шығармашылық жолына үлкен шабыт сыйлағанын тілге тиек етті.
Бұдан соң фестивальге шетелден келген қонақтармен тілдесудің мүмкіндігі туды. Әртүрлі елден келген ғалымдар мен туристер қазақ даласының бай табиғатына, әсем жаратылысына, әсіресе халқымыздың қонақжайлығына ерекше тәнті екендерін жасырмады. Әсіресе нидерландылық «HBM» компаниясының менеджері Марсели Пичнаның қазақы шапан мен ұлттық қалпақ киіп, елмен етене араласып жүргені көпшіліктің назарын аударды. Киім киісі ғана емес, кішіпейілділігі мен ықыласы да ұлтқа деген құрметінің айғағындай көрінді.
Бұл мерекелік кеште қазақ ою-өрнегі мен қызғалдақ символикасынан шабыт алған заманауи бейнелерді ұсынған сән көрсетілімі де басты оқиғалардың бірі болды. Дизайнерлердің өнімдері қызғалдақтың табиғатта ғана емес, сонымен бірге аймақтың мәдениетінде де терең тамыр жайғанын тағы бір рет дәлелдеді.
Тілдесудің сәті түскен қонақтың бірі – танымал саяхатшы-блогер Анзор Гасаев. Блогер де Қаратау тауларының бөктерінде өткен мерекелік іс-шараны жоғары бағалады.
Қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырған фестивальді аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қорытындылады.
Мәселен, бие сауу жарысында І орынға Қаратау ауылының тұрғыны Жангелды Тлейов лайық деп танылса, ІІ орынды қараойлық Мадина Қолхаметова қанжығасына байлады. Тамды ауылының сауыншысы Елтай Стахан ІІІ орынды місе тұтты. Демеушілердің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылған спорттық бәсекелерде оза шапқан спортшылар да құрмет құшағына бөленді. Ұлттық ойындардың жалпы жүлде қоры 3 миллион 450 мың теңгені құрады.
«Қызғалдақ мұра» фестивалі Әулиеата өңірінің бірегей табиғи мұрасын сақтау үшін маңызды оқиғаға айналды. Әсіресе, Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу және Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру ұсынысына ерекше назар аударылды. Бұл бастама сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау мен экожүйені айрықша қорғауға, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын осы мәселеге аударуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта Қаратауды экотуризм орталығына айналдыра отырып, табиғи ресурстарды сақтауға ғана емес, өңірдің дамуына да ықпал ететін болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ