Әлеумет

Ерекше балалар ерекше білімді қажет етеді

The final spritzer

Облыс бойынша 2024-2025 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін балалардың саны 9 468-ге жетіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 268 балаға өсіп отыр. Оның ішінде 3 265 баланың мүгедектігі бар. 9 468 баланың 5 089-ы мектеп жасына дейінгі балалар болса, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар. Ерекше білім алуды қажет ететін балалардың 7 176-сы біліммен қамтылған. 2 292 бала оқумен қамтылмаған. Себебі олардың оқуға мүмкіндігі жоқ.

Облысымызда ерекше білім алуды қажет ететін балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді.

Жалпы 2024-2025 оқу жылына инклюзивті білім беруде қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатында 12 миллион 725 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылып, игерілген.

Осы орайда көзінде ақауы бар балаларға арналған №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатына ат басын бұрған едік. Тағдыр тәлкегіне түсіп, көз кемістігінен зардап шеккен балғындарға арналған білім ошағы 1995 жылы құрылған. Бүгінгі таңда мектеп-интернатта 97 бала оқып, тәрбиеленуде. Оқу ордасында оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұндағы жеткіншектер киім және оқулықтармен толық қамтылған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай жабдықталған. Балаларға дәрігерлік және арнайы мамандардың жан-жақты көмегі көрсетіледі. Сонымен қатар олар «Шоу даун», «Голбол», тоғызқұмалақ, шахмат, домбыра, вокал, хореографияға сынды түрлі үйірмелерге қатысады. Мекемеде балаларға толыққанды білім беру мақсатында 72 педагогикалық қызметкер жұмыс атқарады.

Арнайы білім беру жүйесінің қазіргі даму кезеңінде мектеп-интернаттарда ерекше білімді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзету жұмыстары өзекті мәселе ретінде қарастырылып, сонымен қатар оны дамыту басты назарға алынғаны ерекше көңіл қуантады. Оқу үрдісіне қойылған қазіргі заман талаптары мұғалімдердің алдына ерекше білімді қажет ететін баланың жан-жақты дамып, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге үйрету міндетін қойып отыр.

Мамандардың айуынша, бүгінгі таңда тифлопедагогикада маман тапшылығы үлкен мәселе болып тұр. Сабақ беруші мұғалім дефектология принциптері мен заңдылықтарын білмесе, ол көзі көрмейтін немесе нашар көретін баланың даму процестерін ғылыми сауатты ұйымдастыра да, басқара да алмайды.

Келесі кезекте мектеп-интернатта білім алып жүрген Айсана Сағындық есімді оқушыны сөзге тартып, ағынан жарыла, ақтарыла айтқан әңгімесіне құлақ түрдік.

Мектеп-интернатта білім алып жүрген әр оқушының ата-анасы мен ұстаздарына деген ізет-ілтипаты, білім ошағына деген алғысы зор екені байқалады.

Ұстаздардың айтуынша, мектеп-интернатта сабақ барысында ерекше балаларға көп тыйым салынбайды. Бала ойын толық жеткізуі үшін жағдай жасалып, оларға еркіндік беріледі. Мұғалім қолданатын көрнекі құралдардың жасыл және сарғыш түсті болуы ескеріледі.

Зағип және көру қабілеті зақымдалған балалар үшін қазіргі заманға сай жоғары деңгейде жүргізілген түзету-педагогикалық көмек баланың қоғамда өзін толыққанды азамат ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Мұндағы мұғалімдер сындарлы оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін түрлендіріп сабақ өтуге дағдыланған.

Мектеп-интернат қоғамдастық мүшелерінің инновациялық оқу тәжірибелерін зерттеу мен қолдануды дағдыға айналдыру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, желілік қоғамдастық жұмысын жандандыру, тәлімгерлік жұмыстардың жүргізілуін басшылыққа ала отырып, өз жұмыстарын жүйелі жүргізеді.

Ал мұндағы жанарында ақауы бар ерекше балғындар жыл сайын өтетін облыстық «Өнерім – бақытым», «Жарық» және республикалық «Жұлдыз-ай» фестиваліндерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Ой-өрісі дамыған, еркін және білімді балаларды тәрбиелеген орта – егеменді елдің болашақ азаматын, яғни зиялы ұрпақ өмір сүретін қоғамды тәрбиелейді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ