Руханият

Майдангер ұрпақтары да маңызды қызметте

Әр жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерді еске алып, оларға деген құрметті еселейтініміз рас. Олардың ерлік істері мен өнеге жолдары біз үшін мәңгілік тарих, өшпес өнеге. ҚР Қарулы күштері қатарында аталарының жолын қуып, әскери киім киіп елінің тыныштығын күзетіп жүрген жауынгерлер аз емес. 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай солардың бірқатарына тоқтала кетсек.

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ГЕНЕРАЛ

Ауған соғысына қатысқан жауынгер, генерал Әлімжан Ерниязовтің есімін білмейтіндер бүгінде кемде-кем. Оның тағдыры екі соғыспен астасып жатыр, әкесі Қанағат Ерниязов Ұлы Отан соғысына басынан-аяғына дейін жан алысып, жан беріссе, өзі – Ауғанның қанды қырғынын көрген.

Әлімжан Ерниязов 1955 жылы, Жеңістен кейін тура он жыл өткенде дүниеге келген. Сол жылы Кеңес Одағы Ұлы Жеңістің алғашқы он жылдығын кең көлемде атап өтті. Салтанатты шараларға әкесінің де қатысқаны есінде. Мерекелік шеруге гимнастёркасын киіп, кеудесіне орден-медальдарын тағып, Мәңгілік алауға барып тағзым еткен сәті баласының санасында мәңгілікке сақталып қалды. Қанағат Ерниязов соғысқа өзінің ағалары Әбжан және Саттармен бірге аттанған. Алайда Әбжан майдан даласынан оралмай, хабар-ошарсыз кеткендердің тізіміне енген.

Болашақ генералдың балалық шағы тыныш заманда өтті. Бірақ әкесінің соғыс туралы әңгімелері бала жүрегіне терең ой салды. Әлімжан он жасқа толғанда әкесі өмірден өтеді, оған сұрапыл соғыста алған дене жарақаты себеп болса керек. Сол сәтте бала жүрегі «офицер боламын» деп шешім қабылдапты. Сөзінде тұрып, мектеп бітірген соң, 1973 жылы Алматыдағы И.С.Конев атындағы Жоғары жалпы әскери командалық училищеге түседі. 1977 жылы оқуын тәмамдаған соң, мотоатқыштар взводының командирі болып қызметке кіріседі. Кейін рота басқарды, батальон штабының бастығы болды.

Әкесінің өсиетіне берік болып, саналы түрде офицерлік жолды таңдады. Уақыты келгенде, Әлімжан Ерниязов алғашқылардың бірі болып Ауғанстанға аттануға өтініш жазды. Ол сол жерде Алматының «Қызыл Ту» орденді 186-полкінің құрамында соғысады. Бірінші жылы взвод командирі болса, келесі жылы ротаны басқарды. Сол кезде оның полкі 66-бригада болып қайта құрылыпты.

Ауғанстанда жүріп, Әлімжан Ерниязов әр тапсырманы орындаған сайын, әкесін есіне алды. Қанағат Ерниязовтың өмір жолы ерлікке толы. Ол майданға үш мәрте аттанған. Соғысқа дейін әскерде болып борышын өтесе, елге оралғанда соғыс басталып тағы да сапқа тұрыпты. Жараланып, үйіне қайтарылған сайын, қайта-қайта әскери комиссариатқа барып, майданға жіберуді талап еткен. Міне, осындай табандылық пен батырлық баласына үлгі болды. Ауған соғысындағы ерлігі үшін Әлімжан Ерниязов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Ауған соғысын біреулер «мақсатсыз соғыс» десе де бұл Отан қорғау жолында қиындықты бастан өткергендердің жанын жаралаған қанды майдан еді. Ол жерде де жауынгерлер антына берік болды. Әкелері Ұлы Отан соғысында антына қалай адал болса, олар да сондай ұстаныммен күн кешті.

Әр отбасының, әр халықтың Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан соғыс ардагерлері мейлі олар Ұлы Отан соғысына қатысқан болсын, мейлі Ауғанстанда шайқасқан болсын – келер ұрпақ үшін ерліктің символы болып қала бермек.

Әлімжан Ерниязов соғыстың ауыртпалығын сезінген әрбір жанға – майдангерге, тыл еңбеккеріне, соғыс балалары мен жесірлерге, бүгінде ақ жаулықты әже, асқар таудай ата болып отырған ардагерлерге алғысын арнады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер саны жыл өткен сайын азайып бара жатқанына өкініш білдірді.

Генералдың ойынша, жас буын әскери қызметшілерді патриоттық рухта тәрбиелеу, оларға дұрыс құндылықтарды дарыту аса маңызды. Сол себепті ол қазіргі әскери бөлімдермен тығыз байланыста. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімдеріне жиі барып, жас офицерлермен, мерзімді қызметтегі сарбаздармен кездесулер өткізіп тұрады. Әкесі қалай оған үлгі болса, өзі де қазір жас сарбаздарға өнеге болып жүр.

 

АТА АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Әскери салада жүрген жауынгерлердің басым бөлігіне осы жолды таңдауға белгілі бір батырдың ерлікке толы өмірі себеп болған. Подполковник Қайрат Мұқашев та өзге әскери қызметкерлер секілді бала кезінен нағашы атасы, соғыс ардагері Қуанай Дүйсенғалиевтің батырлық оқиғаларына қанығып өскен. Қазір Қайрат Мұқашев – Әуе қорғанысы күштеріндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануды үйрететін орталықта бастықтың тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді.

Қайрат бала күнінде жазғы демалысын Атырау облысындағы Мұқыр ауылында өткізетін. Мұнда анасының әкесі, жасы жетпістен асқан Қуанай ақсақал тұратын. Ол үйіне жиені келгеніне балаша қуанып, бауырына тартып, құшағын айқара ашатын. Қайраттың есінде нағашы атасының төсіндегі орден-медальдердің сылдыры мәңгі сақталған. Ол кішкентайынан сол жарқыраған темірлерге қызыға қарап, олардың тарихын сұрап, қарт жауынгердің майдандағы оқиғасын, жалпы халқымыздың өткен тарихына қатысты әңгімелер мен шежірені ұйып тыңдайтын. Әсіресе атасының Жеңіс күнін күткен сәттері туралы әңгімелері көңілінде ерекше әсер қалдыратын.

Қуанай Дүйсенғалиев 1907 жылы дүниеге келген. Ол 34 жасында шаңырағында жары Бакиза мен үш баласын тастап, майданға аттанады. Ол Курск иінінде және Воронеж бағытындағы ұрыстарға қатысып қан майданның алдыңғы шебінде жүрген. Бірнеше рет жараланып, контузия алып, госпитальге түскеніне қарамастан, әрдайым қатарға қайта оралып отырған. Ол қаруластарынан кейін қалуды намыс санаған.

Жауынгер достарының қанды шайқастарда мерт болғанына қанша рет куә болса да Қуанай ақсақалға елге аман-есен оралу бақыты бұйырыпты. Егер сол жылдары қанды қырғыннан тірі қайтпағанда бүгінде подполковник Қайрат болмас та еді. Себебі Қуанай соғысқа кеткенде Қайраттың анасы Күлсәгима әлі дүниеге келмеген еді. Соғыстан кейін Қуанай мен Бакиза отбасында тағы он бала өсіп-жетілді, солардың бірі – Қайраттың анасы.

Майданнан кейін Қуанай Дүйсенғалиев «Гурьев» асыл тұқымды қой өсіру зауытында зоотехник, кейін ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Балалары ер жетіп, немерелері дүниеге келіп жатты. Ол барлығына мейірімін төгіп, өмірлік ақыл-кеңесін айтып отыратын. Немерелері болашағы жайлы ақылдасқанда, әрқайсысының қабілетін саралап, бағыт-бағдар беретін.

Алайда Қайратқа атасы мамандық таңдау жөнінде кеңесін айтып үлгермеді. Қуанай ақсақал өмірден өткенде, Қайрат небәрі бес жастағы бала еді. Бірақ атасының «Батыл бол! Әрқашан анаңды, отбасыңды, Отаныңды қорға!» деген ақылға толы аманаты бала санасына алтын әріппен жазылды. Осы өсиет Қайраттың өмірлік жолын айқындады. 1994 жылы мектеп бітірісімен ол Ақтөбедегі азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесіне – бүгінгі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына оқуға түседі.

Кейіпкеріміз қызмет жолын Тараз қаласындағы 14157 әскери бөлімінен бастайды. Ол кезде бұл бөлім – тікұшақтар полкі болатын. Қазір бұл бөлім – ұшқышсыз ұшу аппараттарының мамандарын даярлайтын және оларды жауынгерлік жағдайда қолдануды үйрететін оқу орталығына айналды. Қызығы сол, Қайрат Мұқашев офицерлік жолын бастаған осы бөлімде қызметтік мансабын аяқтағалы отыр.

Қызмет барысында Қайрат Мұқашев әртүрлі лауазыммен бірнеше гарнизондарда еңбек етті. Ата аманатын арқалаған азаматтың бойындағы әскери борышқа адалдық, тәртіп пен жауапкершілік қасиеті мойнына алынған парыз секілді еді. Биыл батырдың ұрпағы ол әскери қызметтен зейнетке шығуға дайындалып жатыр. – Балалар мен немерелері үшін Қуанай Дүйсенғалиев тұтас бір дәуірдің батыры. Мен әрдайым атам мақтан тұтарлықтай қызмет етуге тырыстым. Атам курсант кезімді көріп үлгермеді, офицер болғанымды да білмей кетті. Бірақ оның майдандағы естеліктері мен өсиеті менің мамандығымды таңдауыма түрткі болды. – дейді Қайрат Мұқашев.

Бүгінде Қайрат Мұқашевтің өзі де ата атанып отыр. Ол енді кезінде атасы өзіне айтқандай, өз немерелеріне әскери өмір жайлы сыр шертетін болады. Міне, осылайша аталар аманаты буыннан-буынға жалғасып отырады.

Кішкентай кезінде атасының төсіндегі ордендер мен медальдердің сыңғырын естіп, өзі де батыр болуды армандаған Қайрат бүгінгі таңда өзі де медаль таққан офицер. Бәлкім, атақ пен көрсетілген құрметтер майдан даласындағы ерлігі үшін берілмеген шығар, бірақ кеудесіндегі әр медаль – мінсіз қызметтің, табанды еңбектің айғағы.

ӘЗІМХАН БАТЫРДЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, лейтенант Салтанат Әзімханның өз атасы да майдан даласында болып, кейінгі немере-шөберелеріне өлмес өнеге қалдырып кеткен.

Ұлы Отан соғысының ардагері Әзімхан Әбдіхалықов 1923 жылдың 7 қазанында Жуалы ауданының, Андреевка (қазіргі Алатау) ауылында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан жас бала 6 жасында ата-анасынан айрылып, ағайындарының қолында тәрбиеленеді. Алтыншы сыныпқа дейін ғана білім алып, қара жұмысқа ерте араласады. Дәлірек айтсақ, ұжымшардың қым-қуыт тірлігіне кірісіп, ауылшаруашылық саласында ауыр жұмыстарды атқарады.

Майдангер 1947 жылы Уайда Үмбеталиевамен отбасын құрып, үш ұл, алты қыз өмірге әкеледі. Ұлы Отан соғысының мүгедегі бола тұра, балаларын ешкімнен кем етпей өсіріп, өзінің көрген қиындығын ұрпағына көрсеткісі келмеді. «Жақсы әке  балаға 40 жыл азық» дегендей, қазіргі уақытта Салтанат та ата жолын қуып, әскери салада біраз жетістікке жетіп жүр.

Өмірдің сан түрлі соқпағынан сүрінбей өткен Әзімхан Әбдіхалықов III дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, КСРО Қарулы күштерінің мерейтойлық медальдарымен және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы», сонымен қатар «1941-1945 ж. соғыс ардагері» белгілерімен марапатталған. Майдангердің немересі Салтанат та Ұлттық ұлан қатарында жас жауынгерлерді тәрбиелеуде тынбай еңбек етіп келеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ