Жамбыл жаңалықтары

Әскердегі әсерлі сәт

Тараздық дәрігерлер сарбазға шынайы күлкі сыйлады

Әскер – ер-жігітті шыңдайтын өмір мектебі. Әскери қызмет азаматтардың тұлғасын шыңдап, елжандылық сезімін нығайтады. Әскерде жігіттер қиындықтар мен сынақтарға тап болып қана қоймай, шынайы достар тауып, түрлі қызықты оқиғаларды бастан өткереді.

Тараз қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде жақында көптің жүрегін елжіреткен бір оқиға орын алды. Бұл жағдайды – шынайы мейірім мен адамгершіліктің үлгісі деуге әбден болады. Әңгіме – алдыңғы екі тісінен айырылып, жылдар бойы күлкісін жасырып келген жас сарбаз туралы.

Толығырақ тоқталып өтсек әңгіме былай өрбиді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Дина Мухаринова жаңадан қабылданған сарбаздармен сұхбаттасу үшін Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасына келеді. Әскери тәртіппен сап түзеген сарбаздар арасынан балаклавасын шешкісі келмеген бір жігіт Динаның назарын бірден өзіне аударды. Өзгелерге ұқсап нық сөйлеп тұрған сарбаздың болашағынан үміт күттірер азамат екенін бірден байқайды. Алайда жігіт әңгіме бойы бетін жасырумен болды.

Мейрам Анжанов – Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың радио ротасында қызмет атқарып жүрген, сымбатты да салмақты жас радист. Байланысқа жауапты сарбаз ретінде ол әркез жинақы, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, сөзі аз, ісі нақты жігіт ретінде танылған. Өз міндетін мүлтіксіз орындап жүрген Мейрам Динамен сөйлесіп отырып алғашында өзін уайымсыз, батыл көрсеткенімен, әңгіме тереңдеген сайын ішіндегі мұңын ақтара бастады. Кейіпкеріміз 15 жасында бозбалалық төбесестің кесірінен екі алдыңғы тісінен айырылыпты. Бұл жағдай Мейрамның өміріне жай ғана физикалық емес, психологиялық салмақ түсірген. Сол оқиғадан бері тіссіз жүруге мәжбүр болса да кейін досымен қайта татуласқан.

Мейрам әскерге Ақмола облысынан шақырылған. Анасы екі жыл бұрын қайтыс болған. Содан бері отбасындағы үлкен әпкесі мен ағасы оған қамқор болып, әскерге баруға көмектескен. Кейіпкеріміз жас болса да өзінен кейінгі бауырларына қамқор болып, жауапкершілікті мойнына ерте арқалаған.

Мейрамның ішкі мұңын түсінген подполковник Дина Мухаринова оқиғаға бей-жай қарай алмайды. Ол бірден Тараздағы ең үздік стоматологиялық клиникалардың бірі «Premium Estet»-ке барды. Емхана басшысы Шоһрух Юнусов Мейрамның жағдайын естіген бетте-ақ келісімін беріп, тегін көмектесуге дайын екенін айтады.

Осылайша екі апта бойы Мейрам клиникаға барып ем қабылдай бастады. Оған алдымен кәсіби тазалау жасалды, одан кейін бірнеше проблемалы тістері емделіп, ақыл тісі жұлынды. Ақырында жұлынған төрт үстіңгі, бес астыңғы, барлығы тоғыз тістің орнына жаңа тіс салыныпты.

Екі апта ішінде Суннат Юнусов, Иван Телепайло, Максат Әлібеков секілді білікті дәрігерлер тісі жоқтығын бойындағы кемшілік санап, ішкі сенімсіздікпен өмір сүрген жігітке жаңа өмір сыйлады.

Мейрам үшін бұл өзгеріс өміріндегі үлкен бетбұрысқа айналды. Енді ол бұрынғыдай жүзін жасырып жүрмейді. Елмен сенімді сөйлесіп, ұялмай күле алады. Жолдастары да оны бірден танымай, таңырқап жүр. Радио ротадағы жұмысына да бұрынғыдан да зор құлшыныспен кірісіп кеткен.

Бұл оқиға – бір адамның күлкісі үшін қаншама жанның бірігіп, қолдан келген көмегін аянбай көрсеткен сәті. Бір офицердің қамқорлығы, дәрігерлердің шынайы ниеті, ең бастысы – жас жігіттің сабыры мен қайсарлығы бәрін біріктіріп, жақсы бір істің жүзеге асуына себеп болды.

Бүгінгі таңда Мейрам балаклаваны тек жаттығуларда ғана киеді. Ал қалыпты өмірде шынайы  күлкімен, жайдары көңіл күймен әскери міндетін атқарып жүр. Оның оқиғасы – көптеген жас сарбазға үлгі.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ