Жамбылдық бітімгерлер Голан жоталарында
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тоғыз әскери қызметшісі және ҚР Қарулы Күштерінің тағы 130 сарбазы биылғы Отан қорғаушы күнін елден жырақта, Голан жоталарында қарсы алуда. Олар БҰҰ-ның бейбітшілік орнату миссиясын орындау мақсатында Голан жоталарына аттанған екінші ротация құрамына енген болатын.
Бұл әскери қызметшілер – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамындағы еліміздегі жалғыз таулы-егерлік полктің өкілдері. Бірнеше ай бұрын бейбітшілік миссиясына қатысуға рапорт жазып, жоғары басшылықтың шешімін тағатсыздана күткен жауынгерлер бүгінде Сирия астанасы Дамаск маңындағы Фауар базасында өз міндеттерін абыроймен атқарып жатыр. Бұл бітімгерлер осында бір ай бұрын келген бірінші ротация сарбаздарының орнын басты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге аман-есен оралған алғашқы ротация жауынгерлерін қарсы алып, олардың мінсіз әскери борышын өтеуі үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ отбасылары мен жақындарына қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Қарулы Күштері БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына 2014 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 80 қазақстандық әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде түрлі миссияларға атсалысты. Ал шамамен 700 әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына тартылды.
Бірінші ротацияның сәтті жұмысына тоқталған Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қазақстан армиясы тарихында тұңғыш рет «БҰҰ-ның қарулы күштерді ажырату жөніндегі бақылау миссиясы» аясында өз қаруы мен техникасы бар дербес ұлттық контингент орналастырылғанын атап өтті.
139 әскери қызметші мен 26 техникадан тұратын алғашқы ұлттық контингент 2024 жылғы наурыз айынан бастап осы жылдың сәуіріне дейін өз міндетін мінсіз атқарды. Қазақстандық бітімгерлердің жауынгерлік рухы мен кәсіби шеберлігі БҰҰ миссиясы басшылығы мен Секретариат тарапынан жоғары бағаланды. Осы қызметі үшін алғашқы құрамның барлық мүшелері «Бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.
Сәуір айының ортасында Дамаскке Қазақстан Қарулы Күштерінің 139 әскери қызметшісінен тұратын екінші контингенті аттанды. Бұл сапта – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты таулы-егерлік полктің тоғыз жауынгері де бар. Ең жасы – сержант Олжас Рахатов. Бітімгер азамат небәрі 23 жаста. Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусын тәмамдаған жас сарбаз үшін бұл алғашқы шетелдік іссапар. Саптағы ең жасы үлкені – үшінші сыныпты сержант, артиллериялық батареяның старшинасы Нұргелді Омаров. Тамыз айында 43 жасқа толатын жауынгер – бес баланың әкесі. Отбасы биыл Нұргелдіні туған күнімен видеобайланыс арқылы құттықтамақ. Өйткені бұл жолы да, алдыңғы ротация секілді, бітімгершілік миссия бір жылға созылады.
Тоғыз таулы-егерлік полк жауынгерінің төртеуі әлі үйлі-баранды емес болса, қалғандарының отбасы, бала-шағасы бар. Алайда жақындарынан жырақта жүру олардың рухын түсірмейді. Бұл сарбаздар үшін борыш пен Отанға адал қызмет бәрінен биік тұрады. Облыстан аттанған бітімгерлер бір жыл бойы патруль жүргізу, жарылмаған снарядтарды іздеу, гуманитарлық миссияларға қатысу және түрлі күзет міндеттерін атқаратын болады.
Қазақстандық бітімгерлердің міндетіне атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдік қызмет, блок-бекеттерді күзету, жарылғыш заттарды жою, БҰҰ қызметкерлерін сүйемелдеу және эвакуациялау кіреді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамынан барған топтың ішінде медицина қызметкерлері де бар. Тарқатып айтқанда медициналық взводтың фельдшері, сержант Елшібек Естемес, Нұрсұлтан Қоныратбай ем-домдық көмек көрсетеді. Таулы-егерлік ротаның бөлімше командирі қызметін атқаратын Нұрсұлтан жарылғыш заттарды залалсыздандырып қана қоймай, медициналық білімі бар сержант болғандықтан қажет болған жағдайда медициналық көмек те көрсете алады.
Жауынгерлік және дене даярлығы бойынша нұсқаушы, аға сержант Алексей Стельмах, аға барлаушы, ефрейтор Арман Дусмайлов, механик-жүргізуші Нұржігіт Сейсен секілді облыстан аттанған бітімгерлер өз саласында кәсіби даярлықтан өткен. Бұл жауынгерлер – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мақтанышы. Олардың қызметі «борыш», «абырой», «батырлық», «бұйрыққа адалдық» ұғымдарының өмірлік қағидат екенін дәлелдейді.
Бітімгерлер миссиясының басталғанына көп бола қойған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде қазақстандық бітімгерлер сенім үдесінен шығып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып жүр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ