Цифрлық Қазақстан

Кітаптарды цифрландыру қарқын алды

Кейінгі жылдары заман талабына сай кітапханалардың жұмысын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Облысымызда тұрғындарға түрлі мәдени және ақпараттық қызмет көрсететін 275 мемлекеттік кітапхана болса, барлығы да компьютерлендіріліп, автоматтандырылған жүйелер арқылы жұмыс істейді.

Облыстағы кітапханалар компьютермен толық қамтылған. Жалпы 1 220 компьютер болса, 939-ы аудандық кітапханаларда орналастырылған. Осы компьютерлер мен заманауи бағдарламалар кітапханалардың жұмысын жеңілдетіп, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруда. Мысалы, Web-РАБИС, РАБИС, RWБИС, АИС-СБРК және КАБИС сияқты бағдарламалар арқылы кітапхана қорлары сандық жүйеге енгізілген.

Облыстағы мемлекеттік кітапханалардың тағы бір маңызды қадамы – цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылуы. Облыс бойынша 186 цифрландырылған ақпараттық орталық қызмет көрсетеді. 5 орталық Тараз қаласында, қалған 181 орталық 139 ауылдық округте орналасқан. Ақпараттық орталықтар арқылы азаматтар eGov.kz порталындағы 25 мемлекеттік қызмет түрін онлайн ала алады. 2024 жылы орталықтарда барлығы 223 111 анықтама берілген. Әсіресе зейнетақы жинағы, сотталмағандығы туралы, жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамалар көп сұранысқа ие болған. Мәселен, зейнетақы жинағы бойынша 3 021, сотталмағандығы туралы 5 992, жылжымайтын мүлікке қатысты 1 527 анықтама берілген. 2025 жылдың алғашқы екі айында 10 152 анықтама беріліпті.

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, облыстық кітапханада цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Атап өтер болсақ, «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобалары бүгінде тиімді жүзеге асырылуда. Мысалы «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында кітапхана қорындағы 1021 құнды және сирек кітаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 363 басылым цифрландырылыпты. Сонымен қатар кітаптардың электронды нұсқалары Қазақстан Республикасының Ұлттық Электронды кітапхананың қорына жіберілген. Сондай-ақ «Шоқан асулары» жобасы аясында 47 кітап цифрландырылып, ғылыми зерттеу үшін қолжетімді етіліпті.

Өңір кітапханаларындағы цифрландыру жұмыстары тек бүгінгі қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектелмейді. Бұл шаралар келешекте өңірдегі барлық тұрғындарға, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын адамдарға білім алудың, мәдениетке қолжетімділіктің жаңа мүмкіндіктерін ашатын болады. Алдағы уақытта да кітапханалар цифрландыру бағытындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыра отырып, руханият ордаларының қоғам өміріндегі рөлін күшейтуді мақсат етіп отыр.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ