Тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Ең әуелі қала әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембек санитарлық тазалық пен абаттандыру бойынша бірқатар ықшамауданда жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды.
– Зерделеу жұмыстары «Ақбұлақ» ықшамауданынан басталды. Аталған аудандағы №16 үй маңындағы қоқыс алаңы ұзақ уақыт тазаланбаған, тұрмыстық қалдықтар қоқыс жәшігінен асып, айналасына жайылған. Бұл жағдайдың кемінде бір аптадан бері шешімін таппағаны байқалады. Ал «Қарасу» ықшамауданындағы «Ақсарай» тойханасының маңы мен №36 үйдің аумағында ескі тұрмыстық заттар мен құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №56 үйдің қасындағы қоқыс алаңының да ұзақ уақыт тазаланбағаны анықталды. Алаңның арт жағы толығымен қоқысқа толып қалған. «Алатау» ықшамауданындағы Сейфуллин көшесіндегі қоқыс алаңында да осындай жағдай байқалады. «Ұлы дала» ықшамауданындағы №1029, №22 және №35 үйлердің маңындағы қоқыс алаңдарының да жағдайы өте нашар. Ал осы аудандағы №88 үйдің артында қазылған аумақ қараусыз күйде. Жол белгілері құлап жатқандықтан, түнгі уақытта қауіп төндіруі мүмкін, – деген Нұрдос Болатұлы саябақтар мен демалыс аймақтарындағы жағдайды да назардан тыс қалдырмады.
Бұдан кейін «Әулиеата» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов, «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Данаев және қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев аудандарда 2025 жылы атқарылатын жұмыс жоспары мен Тараз қаласының 2026-2028 жылдарға арналған даму жоспары туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар жиында қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен қала бюджетінің болжамды орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілуі, мамыр айындағы мерекелерге дайындық, құрылыс саласындағы жұмыстар, сауда орталықтарындағы автотұрақтардың заңнамаға сәйкес абаттандырылуы, «Қоңыртөбе» алабындағы 2 қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, тұрғын үй көмегін тағайындау мәселелері жан-жақты қаралды.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселе бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы