Жамбыл жаңалықтары

Қауіпсіздікке мән берілмейінше қатерден құтылмаймыз

Жыл аяғында үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсететін жеке компания өкілдері көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, пәтер иелерінен мың теңге сұрап жүргенін талай көргенбіз. Біздің үйге де келген. Талай мәрте бір жапырақ қағаз көрсетіп, қол қоюымызды өтінген. Сол кезде бұған дейін көрмеген олардың уәжін орындаудан біз де бас тартқанбыз.

Егер олар расында да газ құбырын немесе газ қондырғысын тексеріп, тұрақты қызмет көрсетіп жүрсе мейлі екен. Бірінен соң бірі мазаны алатын олар тұрғындар сұраған ақшасын бермегеннен кейін ақыр соңында өз жөніне кете баратын. Енді жағдай ондай болмайтын көрінеді. Анығын айтқанда, алдағы уақытта тұрғындар осындай жеке компаниялармен келісімшарт жасасуға міндеттеледі. Егер кім де кім бұл талапты орындамаса, оларға газ берілмеуі мүмкін. Мұндай міндеттеме тұрғындар қауіпсіздігі үшін қажет. Себебі жазатайым оқиғалардың дені осындай қауіпсіздікке мән бермеуден орын алады екен.

Бұл жөніндегі мән-жайға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қанықтық. Жиында баяндама жасаған «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосынов облыста көміртегі тотығымен улану фактілерінің жиілегенін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсете алмайды. Бұл қызмет бәсекелестік ортаға берілген. Сондықтан тұрғындар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйішілік газ жабдықтарына, желдеткіш және түтін шығу арналарына қатысты техникалық қызмет көрсететін тиісті лицензиясы және аттестаты бар компаниялармен келісімшарт жасасуы тиіс.

Сондай-ақ жиында осы мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлер айтқандар да болды. Өзін республикалық «Мұнай-газ» қауымдастығының төрағасымын деп таныстырған Ерғали Жәнібеков облыста газ инспекцияларын құруды ұсынды.

Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы бұл бағытта арнайы жоспар жасалып, сол бойынша жұмыс жүргізуді, жаңа талап бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмысын жүргізіп, БАҚ және әлеуметтік желі арқылы жұртшылықты құлақтандыруды жауаптыларға тапсырды. Газ қауіпсіздігіне бақылауды күшейту, үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін компаниялардың бағасын реттеу, цифрлық төлем жүйесін енгізу қажеттігін де баса айтты.

Бұдан кейін «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл бөлімшесі филиалының бас инженері Дүйсенбек Сыдықов баяндама жасады. Оның айтуынша, теміржолшылар тарапынан атқарылып жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, облыс көлемінде пойыздың адам мен мал басып кету фактілері әлі де тіркелуде.

2022-2024 жылдар аралығында машинистер адам басып кету қаупіне байланысты 32 рет шұғыл тежегіш қолдануға мәжбүр болыпты. Оның ішінде 12 жағдай адам өліміне, 7 оқиға жарақат алуға әкелген. Бұл мәселе әсіресе Тараз, Құмшағал, Мыңарал, Шоқпар стансаларында өзекті болып отыр. Пойыздар санының артуы тұрғындардың теміржолдан өтуіне кедергі келтіруде. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында 3 адам басу дерегі тіркелсе, оның бірі Шайқорық стансасындағы 4 жасар балаға қатысты болған оқиға. Мал басу деректері де Хантау, Қияхты, Жиделі, Шу стансалары мен Тараз-Түлкібас бағытындағы учаскелерде жиі орын алады екен. Бұл ретте жеке шаруа қожалықтарының жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.

Жиын соңында күн тәртібіне шығарылған мәселелердің маңыздылығына байланысты Қанатбек Қайшыбекұлы жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Орын алған оқиғаларға бейжай қарамауды, қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде күшейтуді тиісті мамандарға тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ