Жаңалықтар

Атыраулық Әйгерім Парижде көк туды желбіретті

Жуырда Франция астанасы Париж қаласында джиу-джитсудан өткен халықаралық Grand Prix турнирінде атыраулық спортшы Әйгерім Төреғожина ел мерейін үстем етті,деп хабарлайды arainfo.kz сайты art.kz-ке сілтеме жасап

Әлемнің 30 елінен келген мықтылар арасында Әйгерім файтинг бөлімінде үш жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, алтын медальді иеленді. Жарыстың бірінші күні-ақ жеңіс тұғырына көтерілген спортшының құрметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны асқақ шырқалды.

Әйгерім Төреғожина – Атырау қаласындағы джиу-джитсу академиясының спортшысы. Ол М.Сүлейменов атындағы спорт кешенінде жаттығады. 2009 жылдан бері джиу-джитсу спортына ден қойған ол бүгінде бұл салада үлкен тәжірибе жинап үлгерді. Әйгерім – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Азия чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы.

Оның айтуынша, бүгінде Атырада спорттың бұл түріне қызығушылық артқан. Ал Әйгерім сынды арулардың халықаралық аренада көк байрағымызды биіктен көрсетуі – өскелең ұрпаққа үлгі.

Айта кету керек, Әйгерім Төреғожина бүгінде әлемдік рейтинг бойынша үздік бестіктен орын алды.