Жаңалықтар

«Біртұтас ел – біртұтас жер»: Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Таразғы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz

«Біртұтас ел – біртұтас жер» атауымен өткен мазмұнды мереке – өскелең ұрпақтың бойына елжандылықты, ерлікке тағзымды және бейбіт күннің құнын сіңіруді мақсат тұтты.

Іс-шараға Жамбыл облыстық интернационалист-жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаров, төраға орынбасары Марат Төртбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова сынды құрметті меймандармен қатар, ұстаздар, оқушылар және ардагерлер қатысты.

Жиын барысында алғашқы сөз алған Керім Маханбетұлы елдің тыныштығын, өткеннің өнегесін, болашақ ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілігін айрықша атап өтті. Жас ұрпаққа аманат етілген осы рухани мұра – ерлік пен елдікке бастар темірқазық екенін жеткізді.

Ізін ала сахна төрінде оқушылар дайындаған театрландырылған көрініс қойылып, соғыс жылдарындағы ауыр сәттер мен жауынгердің жанқияр ерлігі көркем өрілді. Бұл қойылым көрермендерге зор әсер қалдырды. Жас өнерпаздар соғыс даласын, отты жылдарды барынша шынайы жеткізіп, ерлікке тағзым ретінде терең мән берді.

Мектептің әскери-патриоттық клубтарына мүше оқушылар сап түзеп, саптық шеру көрсетті. Жас ұландардың тізе қосқан жүрісі, әскери дайындық деңгейі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мереке барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Пернешқызы құттықтау сөз сөйлеп, білім ошағының елжанды тәрбиеге қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ, мектептің үздік ұстаздары мен оқушыларына «Қазақстан патриоты» медалі табысталды.

Салтанатты жиында ерекше назар аудартқан бөлімнің бірі – «Арлан» оқу-жаттығу зводының көрсетілімі болды. Жас сарбаздар тактикалық әдіс-тәсілдер мен шұғыл әрекет ету машықтарын таныстырып, кәсіби шеберлікке тән дайындық үлгісін паш етті.

Салтанатты шара аяқталған соң қатысушылар мектеп ауласындағы «Ер есімі – ел есінде» аллеясына барып, «Жүз жылын ойлаған халық ағаш егеді» ұранымен ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.