Бүгін – Халықаралық акушерлер күні
Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады. Бұл — жай ғана статистика емес, әрбір жаңа өмірдің артында акушерлердің қажырлы еңбегі, мейірімді қамқорлығы мен кәсіби біліктілігі бар деген сөз.
Акушерлер — болашақ аналарға перзентханаға түскен сәттен бастап үйіне аман-есен оралғанға дейін жан-жақты қолдау көрсететін нағыз жанашыр жандар. Олар тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, эмоциялық және моралдық тірек болады.
Қазақстандағы босандыру жүйесі туралы деректер:
• Елімізде 240 босандыру ұйымы, оның ішінде 58 перзентхана және 37 перинаталдық орталық жұмыс істейді.
• Амбулаториялық көмекті 810 әйелдер консультациясы, 1 282 дәрігерлік амбулатория және 790 фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетеді.
• Қазақстанда 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді.
• Перзентханаларда 3 740 акушер, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 3 675 акушер қызмет етеді.
• 600-ден астам акушер шалғай жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттерде қызмет көрсетіп отыр.
Бұл кәсіби мерекені атап өту идеясы алғаш рет 1987 жылы көтеріліп, 1992 жылдан бастап ресми түрде атап өтіле бастады. Бүгінде Қазақстанда да бұл күн ерекше мәнге ие.