Аула алаңшалары кім үшін?
Аула алаңшалары кім үшін?
Редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының тұрғыны бір топ ата-аналардың мұңын жеткізді. – Тараз қаласының орталығындағы Қ.Рысқұлбеков саябағынан әдемі спорт алаңшасы салынғанын бәріңіз білесіздер. Бірақ ол үнемі жабық тұратын. Ал сонда ойнағысы келген балалар күнде жабық тұра берген соң торын үзіп кірген. Енді ол алаңша балалар үшін болмаса, не үшін салынды? Торын үздіңдер деп балаларды кінәлаған. Бүтін дүние бүлінбеу үшін қоғамдық орындар келушілеріне ашық болуы керек. Құлыптап қоятын болса, неге керек ол? Балалардың да бүлдіргенін жақтамаймыз, әйткенмен ол жердің де күзетшісі болмай ма? Ойын балалары торды үзіп жатқанда күзетші қайда болды? – деді аты-жөнін атағысы келмеген ана. Бұл мәселенің мәнін Тараз қалалық әкімдігінен сұрадық. Алайда, әкімдік тарапынан бізбен байланысқан қызметкерлер өткен аптада жолдаған сауалымызға жауап жібереміз деп соншама күн күттіргенімен, мардымды ештеңе айтпады. Бірақ, біз алдағы уақытта әлі де сұрастырып, тұрғындардың сауалына жауап іздеп, газет бетінде жариялайтын боламыз. Тағы да ауладағы алаң бойынша «Қаратау» ықшамауданындағы №11, №12, №9 үйлердің тұрғындарының да мұң-зарын естідік. Аталған үш үйдің ортасындағы аулада спорттық алаңша да, балалардың ойын алаңы да бар. Бірақ күтімсіз, балалар ойнайтындай жағдайда емес. – Үйдегілер өз ауламыздан алысқа кетпе дейді үнемі. Бірақ біздің аулада ойнайтын ештеңе жоқ. Әткеншек, сырғанақтар бар ғой, бірақ оған кіру қиын. Жан-жағының бәрін қалың шөп басып кеткен. Оған ешкім кіріп, ойнамайды да. Арғы жағында доп ойнайтын жер бар, бірақ ол да доп қуалап жүгіруге өте қолайсыз. Сондықтан, жолдың арғы бетіндегі саябаққа барғымыз келеді, бірақ үйдегілер өздері қолы босап, алып шықпайынша бізді жібермейді, – дейді ойын баласы Нұрасыл Болат. Баланың жолдың арғы бетінде деген сөзінен-ақ ата-аналардың неден қорқып жібермейтіні анық байқалады. Жолдағы жүйткіген көліктерден аңғал баланың арлы-берлі жүруі қауіпті екені айтпаса да белгілі. Ауладағы шөп басқан, күтімсіз алаңның қандай қызмет атқарып тұрғаны тағы түсініксіз. Ала жаздай демалыста болған балалар ата-анасы жұмыстан босап, арнайы ертіп жүріп қыдыртпаған уақытта да үйде отыра алмайтыны белгілі ғой. Міне, осындайда ойнайтын алаң іздейді. Ал ауладағы алаңның жайы жоғарыдағыдай. Тіпті үлкендер сол ойын алаңындағы әткеншек, сырғанақтарды өткен жылғы жазда жергілікті әкімшілік тарапынан сырланғанын айтты. Бір қызығы сынықтарын жөндеп-түземестен сол күйінде, қираған қалпында бетін ғана жылтыратып сырлап кетіпті. Бұған дейін де мұндай мәселелер айтылғанда әкімшілік тарапынан «Тұрғындар өз аулаларын, үйлерін өздері күтіп ұстауы керек» дегенді естіп жүрміз. Сондықтан, асыр салып ойнайтын балаларсыз құр қаңырап тұрған аталған спорттық алаңша туралы айтсақ. Ол жер бір кездері жекенің меншігіне өтіп кетеді. Кейін мемлекет тарапына қайтарылады. Дегенмен, оны балалардың игілігіне арнап, жабдықтап берудің әлі сәті түспей тұр. Бұл бойынша Тараз қаласы әкімдігі спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Оксана Борюсок: – Иә, бұрын жекенің меншігінде болған. Қазір мемлекет меншігіне қайтарылған рас. Алайда, оны жөндеп, жабдықтауды бюджет көтере алмайды. Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің балансына да ала алмаймыз. Егер Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі алаңшаны жөндеп, жасап беріп, мүлік иелерінің бірлестігінің қарамағына өткізсе, ары қарай тұрғындар өздері күтіп қараулары керек, – дейді. Яғни, жуық арада ол алаң да қайта ретке келтірілмейтін тәрізді. Тұрғындар тым болмаса демеушілердің көмегімен тараздық балалардың игілігіне аула алаңдарын жөнге келтіріп берсе дейді.
Қамар ҚАРАСАЕВА