Жамбылдықтар бокстан Азия чемпионатының жеңімпаздарын күтіп алды
Тараз қаласының Шығыс қақапасында Амманда (Иордания) өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген жамбылдық спортшыларды салтанатты күтіп алу рәсімі өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Ресми шараға спорт ардагерлері, спортшылардың ата-аналары, бауырлары, спортшылар, бапкерлер құрамы қатысты.
Айта кетейік, сары құрлық додасына ел құрамасы сапында Жамбыл облысынан 6 спортшы бақ сынаған болатын.
Алғаш болып жамбылдықтар қоржынына қола жүлдені Мейіржан Шәді (64 кг) салды, сондай-ақ 80 келіде шаршы алаңда қарсылас шыдатпай, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып Мұхамедали Рүстембек Азия чемпионы атанды.
Бұрымды былғары қолғап шеберлері арасында да әулиеаталық арулар жеңіс тұғырынан көрінді.
Қос қола медальды Әбдікерім Айдана (60 кг), Қоңырат Эльнура (+80 кг) иеленсе, Тұрсынбек Дильяра (66 кг) сары құрлық бәсекесінің чемпионы атанды.
World Boxing ұйымдастыруымен алғашқы Азия біріншілігіне құрлықтың 18 елінен 400-ге жуық спортшы қатысқан болатын.