200 метрлік киіз: жамбылдық қолөнершілердің еңбегі КИНЭС рекордтар кітабына енді
Халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі аясында жамбылдық қолөнершілер 200 метрлік киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды arainfo.kz
Халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі аясында жамбылдық қолөнершілер 200 метрлік киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді.
Бүгін шеберлер қызғалдақтардың отаны саналатын Қаратау тауының бөктерінде үш айлық еңбектерінің нәтижесін таныстырды. Фестивальде Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабының сертификаты салтанатты түрде табысталады.
Шара қатысушылары, оның ішінде шетелдік қонақтар да қолөнершілердің еңбегіне жоғары баға беріп, зор ықыласпен қабылдады.
Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған.
Айта кетейік, рекордтар кітабына енген қолөнершілердің киізі арнайы шынымен қапталып, халықаралық «Әулие-Ата» әуежайына табыс етілмек.
Фестивальде «Қымызмұрындық» рәсімі аясында бие сауушылар жарысты. «Қазық қағу», «бие байлау» дәстүрлері дәріптеліп, «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағаты өтті. Қымыз көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.