Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу
Елімізде алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күніне орай Тараз қаласындағы №66 орта мектепте ерекше мазмұндағы әдеби кеш ұйымдастырылды. «Ұлттық кітап – ұрпаққа аманат» тақырыбында өткен тағылымы мен тәлімі мол басқосуға белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин арнайы шақырылды.
Көркем әдебиетті насихаттау, жас буынды кітап оқуға баулу мақсатында өткен кеш қонақтарының қатарында ақын, психолог Марал Хантөреқызы мен Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айнұр Омарова да болды. Олар оқушылармен пікір алмасып, кітаптың адам өміріндегі рөлі жайлы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Айта кету керек, мектеп оқушылары «Оқуға құштар мектеп» және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобалары аясында түрлі әдеби шығармалармен жүйелі түрде танысып келеді. Сондай бастамалардың нәтижесінде 6 «Д» сыныбының оқушысы Данел Әзімхан жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығы жайлы ғылыми жоба дайындап, мектепішілік байқауда жүлделі орынға ие болған. Зерттеу жұмысының жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Байлиева. Кездесу барысында оқушы өз зерттеуін таныстырып, жазушыға жаңаша ұсыныс білдіріп, жобасын әрі қарай жалғастыру ниеті бар екенін жеткізді.
Ал 6 «Ә» сыныбының оқушысы Сұлтанбек Мәдібеков жазушы шығармаларының негізінде салған тақырыптық суреттерін қаламгерге сыйға тартты.
Кеш соңында жазушы Пернебай Дүйсенбин өз шығармаларының 4 томдық жинағын, «Ұлт батырлары» кітабын және жаңадан жарық көрген «Өмір-иірім» романын мектеп кітапханасына сыйға тартты. Сонымен қатар, кешті ұйымдастырған мектеп кітапханашылары Раушан Нарбаева мен Гүлназ Сапарғалиқызына өз ризашылығын білдірді.
Ал басқосуды қорытындылаған №66 орта мектептің директоры Фарида Шортанбекова мұндай кездесулердің оқушыларға рухани азық болатынын айтып, жас ұрпақты көркем әдебиетпен дос болуға шақырды.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
журналист,
Сарысу ауданы