Брифинг

Ем-шара кабинеттері талапқа сай ма?

Тараз қаласындағы емшара кабинеттерінен дәрігердің тағайындауынсыз ем-дом алған 2 тұрғынның қайтыс болуы қоғамда қызу талқыланды. Жыл басында орын алған қайғылы оқиғалардан кейін қоғамдық бақылау күшейтіліп, арнайы тексеру жұмыстары жүргізілді. Осы мәселе бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясы өтті. Брифингке облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев және Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов қатысты.

Сембек Сейдәзімовтің айтуынша, Тараз қаласында орын алған жағдайлардан кейін 2 комиссия құрылып, облыстағы емшара кабинеттерінің қызметін сараптауға кіріскен. Нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған 107 емшара кабинетінің тек 42-сінің ғана заңды түрде «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алғаны анықталған. Ал қалған 65 кабинет ешбір рұқсатсыз, яғни заңсыз жұмыс істеп келген.

Баспасөз мәслихаты барысында емшара кабинеттерінде жұмыс істейтін мейірбикелердің арнайы оқудан өтіп, сертификат алуы міндетті екені де айтылды. Мұндай кабинеттер тек аурухана, емхана немесе жанұялық денсаулық сақтау мекемелерінің жанынан ғана құрылуы тиіс. Бұл талап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысында да нақты көрсетілген.

Брифингте баяндамашылар заңсыз емшара кабинеттерін жабу және қызметін тоқтату шаралары қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бақылау мен лицензиялау жүйесі қатаңдатылмақ.

 

Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ