Жедел жәрдем қызметі жетілдірілуде
28 сәуірде еліміздің жедел медициналық жәрдем қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Мәрбелі мамандық иелерінің мерекесіне орай облыстық жедел медициналық жәрдем стансасында болып, ақ халатты абзал жандардың қарбаласқа толы бір күнін көзбен көріп, жүрекпен сезініп қайттық. Алдын ала келісім бойынша, таңғы сағат 7:30 шамасында стансаға табан тіредік. Бізді ақпараттық жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бекзат Әбітаев қарсы алды.
Бекзат Асылбекұлының айтуынша, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы күніне 1 600-ден 1800-ге дейін шақырту қабылдайды. Стансада 1 700-ге жуық қызметкер (30 дәрігер, 1 005 фельдшер, 414 жүргізуші) еңбек етеді. Ал ауысымда 22 диспетчер жұмыс істесе, 14-і қоңырауларды қабылдайды, төртеуі бригадаларға қоңырау жібереді, 1 диспетчер төртінші санаттағы қоңырауларды қабылдайды. Сондай-ақ Сall-орталықта 2 аға дәрігер тәулік бойы жұмыс істейді. Облыс бойынша 93 жедел жәрдем бригадасы шақыртуға шығады.
Пернебек Шонаевтың жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп келе жатқанына 35 жыл болыпты. Жедел жәрдем фельдшері бірінші санаттағы бригадада қызмет етеді. Біз тәжірибелі маманның бригадасымен бірге күнделікті қызметке араластық.
Түс ауа бірінен соң бірі шақыртулар түсіп жатты. Алғашқы шақырту Қапал көшесінен тіркелді. Қоңырау шалған тұрғын қан қысымының көтеріліп, ешқандай дәрі-дәрек көмектесе алмай жатқанын айтты. Айтылған мекенжайға 8 минут ішінде жеттік. Фельдшерлер тұрғынның қан қысымын өлшеп, қажетті екпені салып, жағдайын тұрақтандырды.
Ал фельдшер Әлішер Бердалиев жедел жәрдем қызметінде 11 жылдан бері қызмет етеді. Мамандығын мақтанышы санайтын кейіпкеріміз көптің алғысын алу ең үлкен бақыт, ең үлкен марапат деп есептейді.
Бригаданың толыққанды мүшесі – жүргізуші. Жеделдікті қамтамасыз етіп, науқасты қауіпсіз жеткізу – жүргізушінің мойнында. Көлік жүргізушісі Тахир Мырзакаримов та өз ісіне адал жан. Ол фельдшерлермен бірге зембілді көтерісіп, қиын жағдайда қолдау көрсетеді.
Пернебек Сатымбекұлы жедел жәрдем қызметінде алдымен қауіпсіздікті сақтау бірінші орында екенін айтады.
Жедел жәрдем – уақытпен санаспай, адам өмірі үшін күресетін ерекше мамандық. Ақ халатты жандардың бір күндік жұмысын көріп, олардың жанқиярлық еңбегіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Кәсіби мерекелері қарсаңында халық денсаулығы жолында аянбай тер төгіп жүрген жандарға алғыс білдіреміз. Бұл мамандық өкілдері ел амандығы жолында әрқашан алғы шепте. Күнделікті жұмыстан бөлек әсерилердің оқу-жаттығуына, Мемлекет басшысының облысқа сапарын да сүйемелдейді.
Сонымен, кешкі 17:30-да жұмыс уақыты аяқталып, 1 күн бірге қызмет атқарған әріптестерімізбен қош айтысып шықтық.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 мамырынан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді. Бұл қадам қызмет көрсету сапасын жақсартып, кешігу мәселелерін шешпек. Енді төртінші категориядағы шақыруларға: мәселен, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар – күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады. Олар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары бара береді. Қажет болса қатарларына педиатр, кардиолог және басқа да мамандар қосылады. ҚР Денсаулық сақтау министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 2,1 миллионнан астам шақыру тіркелген. Оның ішінде 763 мыңға жуық шақыру төртінші категорияға жатады. Ал олардың 518 мыңнан астамын алғашқы медициналық-санитарлық көмек мобильді бригадалары орындаған.
Айжан ӨЗБЕКОВА