Миллиондардың жүрегін жаулаған блогер жұп
Миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулаған Георгий Коваленко мен Валентина Хон – өзара құрмет пен сүйіспеншілік басты орында тұратын отбасылық өмірді паш етіп жүрген танымал блогерлер. Бірлігі жарасқан отбасының өмір жолы көптеген жас жанұяларға үлгі десек артық емес. Жақында желі арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйер жинап, махаббат құндылығын насихаттап жүрген отбасымен кездесіп, аз-кем тілдескен едік.
Есімдері Қазақстанға ғана емес алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерген блогер жұп Георгий Коваленко мен Валентина Хонның блогтары негізінен махаббат, отбасы және өмірдің қарапайым сәттеріне арналған. «TikTok» пен «Instagram» желілерінде қызықты контент жасай отырып, олар өздерінің өмірі мен тәжірибесі арқылы жастарға шабыт сыйлап, мотивация береді. Олардың блогтары көп жанның, әсіресе әйелдерің өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде.
Георгий Тараз қаласында өмірге келсе, Валентина өмірлік серігін кездестірген осы қалаға жеті жасында көшіп келген екен. Ынтымағы жарасқан отбасының екі қызы бар. Екеуі де тұрмыс құрған.
Өнерлі жұптың махаббат тарихы Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында басталған. Олар 17 жасында сол оқу орнына қабылданған. Георгий сол кезде-ақ харизмасымен, тамаша әзіл-қалжыңымен және әңгімеге тарта білетін қасиетімен өзгелерден ерекшеленіп, Валентинаның назарын өзіне аударған. Кейіпкеріміз сол кезді:
«Мен оны алғаш көргенде-ақ жүрегім аттай сулап сала берді. Георгийдің бар болмысымен жүрегімді жаулап алғанын, тағдырымды осы жанмен байланыстырғым келетінін бірден түсіндім» деп тебірене еске алады.
Уақыт өте келе екі студенттің қарым-қатынастары тереңдей түсті. Бірге көңіл көтере жүріп олар бір-бірін үнсіз отырып түсіне алатын кезеңге жетті. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей, сөзсіз ұғыныса алатын қасиет екеуінің арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайта түсті. Валентина үшін Георгий арқасүйер сенімді тірегіне айналды.
Олардың пікірінше, бақытты некенің негізі – өзара құрмет. Махаббат, түсіністік, әзіл – бәрі де маңызды. Бірақ егер екі адам бір-біріне құрметпен қарамаса, қарым-қатынасты ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес. Сондай-ақ, әрқайсысының жеке дамуына мүмкіндік беру және әрқашан бір команда болу – берік некенің тағы бір маңызды қағидасы.
Георгий мен Валентинаның араларында келіспеушіліктер де болып тұрады. Әсіресе шығармашылық тұрғыда көзқарастары жиі үйлеспейді. Алайда олар әрдайым бірін-бірі тыңдап, пікір қайшылығын ортақ шешімге келу арқылы еңсеруге тырысады. Десе де, Георгийдің өмірге деген көзқарасы, жағымды энергиясы, айналасындағы сұлулықты көре білуі және адамдарды шабыттандыра білетін қабілеті Валентинаны әлі күнге дейін тәнті етеді. Ол өз жолдасының адалдығы мен шынайылықтан айнымаған таза болмысының жылдар өтсе де өзгермегенін жоғары бағалайды.
Өкініштісі ғашықтар оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқалы жатқан кез Кеңес одағы ыдыраған уақытқа тұспа-тұс келеді. Жас инженер-құрылысшылар жұмыс таба алмай біраз жүрген соң, басқа сала, яғни, кәсіпкерлікке кетіп, өмірлерін түбегейлі өзгертуге бел буады. Тоқырау жылдары олардың табандылығы мен іскерлігін шыңдаған кезеңге айналды деуге болады.
Осы жылдар ішінде олар жеке кәсіпкерліктерін дамытуға көп күш салады. 30 жыл бойы бірге жұмыс істей отырып, қаншама сәтсіздіктерден өтіп, табысты бизнес өкілдеріне айналды. Уақыт өте келе жаңа мүмкіндіктер ашылып, әлеуметтік желілердің дамуы ерлі-зайыптылардың өміріне тағы да тың серпін берді. Валентина цифрлық әлемнің құдіретін түсініп, блогерлік жолды бастады. Бүгінде Валентина Хонның (@valentinakhon) «Insagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында 286 000, «Tik-Tok» желісінде 325,700 жазылушысы бар. Оның жолдасымен бірге түсірген бейнероликтері кемінде 15,8 миллионнан аса лайк жинаған.
Бұл отбасында бизнес, өзара қарым-қатынас пен блог жүргізуде де ортақ үйлесім бар. Күнделікті өмірде Валентина мен Георгий біртұтас механизм сияқты. Әркім өз міндетін біледі, бірақ әрдайым бір-бірін толықтырып, қолдап жүреді. Контент жасауда да осындай тандем орнаған. Георгий – креативтің, визуалдың және көңіл күйдің шебері, ал Валентина – идеяның, видео құрылымының авторы. Кейде пікірлерімен келіспей дауласып қалғанымен, блогер отбасының ортақ мақсаты бір. Ол – шынайы әрі өмірдің шындығын көрсететін контент жасау.
Блогер отбасының идеялары өмірдің өзінен туындайды. Күнделікті отбасы өмірінен алынған күлкілі жағдайлар, салмақты дүниелер қаншама жанға жігер сыйлап келеді. Жасаған контенттерінің авторлары да өздері. Ортаға ой тастап, идеяларымен бөліседі де солардың арасынан көңілге қонымдыларын таңдап, креативті дүние жасап шығады. Кейбір идеялар бір сәтте туындаса, кей роликтері алдын ала егжей-тегжейлі жоспарланады. Валентина мен Георгий бір бейнеролик дайындау үшін таңдаған тақырыптары мен мазмұнының күрделілігіне қарай 30 минут пен 5-6 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Трендтер мен заманауи тақырыптарды да назардан тыс қалдырмауға тырысады.
Георгий мен Валентинаны ТМД көлеміндегі көп оқырмандары Ресей немесе өзге елдің блогерлері деп ойлайтын көрінеді. Жазылушылары сүйікті блогерлерінің тараздық тұрғындар екенін білгенде таңданыстарын жасыра алмайды екен. Қыздары шетелде тұрса да, бұл отбасы Тараздан көшу туралы мүлдем ойламайды. Себебі өз Отанына, туған жеріне деген сезімдері бәрінен биік, ол олардың жүрегінде әрдайым бірінші орында.
Валентина мен Георгийдің пікірінше, әр адамның өзіне тән ерекшелігі бар. Егер бойыңдағы ерекшелікті жоғалтпай, шынайы бола білсең, онда сен өзгелер үшін әрқашан қызықты әрі тартымды боларсың.
Қазір олардың арман туралы түсініктері мүлде басқа. Кейіпкерлеріміз дәл қазіргі уақытта биік мақсаттар мен үлкен жетістіктерге жетуден гөрі, қарапайым, бірақ шынайы қуаныштарға көбірек мән беретін болған. Алайда олардың басты арманы – артынан жақсы іс пен сөз қалдыру. Жүректері қартаймай, шабыттары сарқылмай, әрдайым осы қалпында жүруін қалайды. Ең бастысы бақытты ата-ана немере сүйіп, өмірден жинаған мол тәжірибелерін соларға беруге асығып жүр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ