Домбыра – достықтың дәнекері
Бүгінде өзге ұлт өкілдері арасында қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Бұл – халқымыздың рухани байлығын бүкіл әлемге танытудың жарқын жолы. Ал сол жолда өз еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – домбыраның сырлы үніне ғашық болған дүнген баласы Ариф Шамсутдинов.
Ариф Самаддинұлы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген. Бала күнінен қазақ ортасында өсіп, қазақ сыныбында он бір жыл бойы білім алған. Домбыраға деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан-ақ басталыпты.
5-сыныпта ауылдағы мектептің жанынан ашылған балалар мен жасөспірімдер орталығы филиалындағы домбыра үйірмесіне қатысып, алғашқы өнер жолына қадам басады. Мұнда төрт жыл бойы білім алған жас өнерпаз кейіннен Тараз қаласындағы негізгі корпусқа ауысып, тағы екі жыл бойы шеберлігін шыңдайды.
Арифтың алғашқы ұстазы – Райхан Мақсұтова. Райхан Дулатқызының үйретуімен «Еркем-ай», «Біз өмірдің гүліміз» секілді шағын күйлерден бастап, «Кеңес», «Қос алқа», «Жастар биі» сияқты күрделі күйлерді меңгере бастайды. Әсіресе Құрманғазының «Сарыарқа» күйі жас домбырашыға ерекше әсер қалдырады.
Айтуынша, қазіргі таңда оның тоғыз өзге ұлттан шыққан шәкірті күйшілік өнердің қыр-сырын үйренуде.
Мектепті бітірген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде музыка мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған Ариф бүгінде Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің Гродеково филиалында домбыра пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарады.
Ариф Самаддинұлы домбыраны жай ғана музыкалық аспап ретінде емес, қазақ халқының рухани қазынасы деп біледі. Ол үшін домбыра – тек өнер ғана емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Сонымен қатар кейіпкеріміз домбыраны тек ұлттық аспап ретінде емес, әртүрлі ұлт өкілдерін жақындастыратын құрал деп санайды.
Ариф әр шәкіртіне домбыраның жай дыбыстан құралмағанын, әр пернесінде халқымыздың шежіресі жатқанын ұғындырып үйретеді. Оның сабағында әр күйдің шығу тарихы, күйшінің өмірі, күйдің мазмұны міндетті түрде айтылады.
Арифтің тәрбиесін көрген жас домбырашылар да өнердегі алғашқы қадамдарын нық басуда. Солардың бірі – күрді ұлтынан шыққан Эмир Айдаров пен дүнген ұлтының өкілі Расул Мұсаев.
Ал Расул Мұсаев болса осындай ұстазға шәкірт болғанын мәртебе санайды.
Ариф Самаддинұлы 9-сыныптан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына белсене қатысып келеді. Әртүрлі фестивальдерде, республикалық мерекелік іс-шараларда, Тәуелсіздік күнінде, Алғыс айту күнінде, Астана мен Алматы қалаларында сахна төріне шығып, өнерін паш етті.
Оның еңбегі мен таланты тек ауыл-аймақта ғана емес, республика деңгейінде де жоғары бағаланып жүр.
Оның әрбір шертілген күйі – ұрпақтар арасындағы рухани көпір іспетті. Домбыра күмбірі арқылы ол жүректерге жол тауып, ұлттық өнердің мәңгілік өмір сүруіне қызмет етіп келеді.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ