Жаңалықтар

Адал жас – әділетті қоғамның тірегі

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Тараз – қауіпсіз қала: жастармен бірге» тақырыбында мазмұнды форум өтті.

Жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін, құқықтық сана мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара «Қауіпсіз қала» атты театрландырылған қойылыммен басталды.

Форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ішкі істер саласында ауқымды әрі жүйелі реформа жүргізіліп, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударды.

Мұнан соң қатысушы жастарға құқық қорғау органдарының қызметі туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Келесі кезекте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салды.

Мұнан соң ақын, жазушы Абай Қалшабек ел алдына шығып, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының өмірбаянына байланысты тың әрі қызықты деректермен бөлісті.

Облыстық полиция департаментінің арнайы жасағының «Алға» әнінің сүйемелдеуімен көрсеткен тактикалық жаттығулары да көрермендерді тәнті етті.

Форум «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Алтын домбыра» мектебінің негізін қалаушы Ибрагим Ескендірдің «Біргеміз» және «Көк тудың желбірегені» патриоттық әндерімен аяқталды.

 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ