Жаңалықтар

Қазіргі журналистиканың жай-күйі қандай?

Қазіргі журналистикада жаңалық көп. Сөзімізге дәлел, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қызығын көріп отырған жасанды интеллекттің өзі салаға өзгеше леп алып келді. Әйткенмен, медиасауаттылықтың төмендігі, ақпараттық қауіпсіздік және маман тапшылығы сияқты өзекті мәселелер де жоқ емес. Осы түйткілдер кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тәуелсіздік» залында өткен «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» тақырыбындағы семинарда кеңінен талқыланды. Жиынға аудандардағы медиа орталықтардың басшылары, тәжірибелі журналистер мен журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттер қатысты.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов ашып, қазіргі журналистиканың қарқынды өзгеріп жатқанын, соған сай медиасаясат пен мемлекеттік органдардың ақпараттық байланысы да жаңа деңгейге көтерілуі керектігін атап өтті.

Мұнан соң арнайы шақырылған спикерлер таңдаған тақырыптарына сай қатысушылар алдында баяндама жасады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Алмат Сәдуақас «Мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылы: тиімділігі мен ашықтығы» тақырыбы аясында ақпарат таратудағы ашықтық пен сенімділік туралы ой қозғады.

ҚР Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Маханұлы өз сөзінде жалған ақпараттың қоғамға тигізер зияны мен медиасауаттылықтың маңыздылығына тоқталды. Спикер журналистер мен оқырмандар арасында сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыру қажет екенін, ақпаратпен жұмыс істеудің жауапкершілігі артқанын атап өтті.

Ал облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева медиаконтентті визуализациялау әдістерімен бөлісіп, графика, инфографика мен бейнематериалдардың аудитория тартудағы маңызын нақты мысалдармен көрсетті. Сол секілді журналистің баяндау шеберлігі мен аудиториямен байланыс орнату тәсілдері айтылды. Спикер сендіру, эмоциялық әсер және тілдік стильдің рөліне ерекше мән берді.

Семинар барысында тек кәсіби дағдылар ғана емес, журналистердің әлеуметтік мәселелері де қозғалды. Қатысушылар саладағы еңбекақының төмендігі мен кадр тапшылығын ашық айтып, бұл мәселелердің БАҚ сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді.

 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ