Жаңалықтар

Жамбыл облысында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына ескерткіш тақта орнатылды

Бүгін Бас прокурор Берік Асыловтың және Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған жері Жуалы ауданындағы прокуратура ғимаратының жанынан ескерткіш тақта ашылды,деп хабарлайды arainfo.kz

Салтанатты шара Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.

Жиында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталып өтті.

Жиын барысында аудан меймандарына "Тәртіпсіз ер болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды" тақырыбында танымдық бұрышм таныстырылды. Мұнымен қоса шараға қатысушылар аудан жұртшылығымен бірлесіп ағаш көшеттерін отырғызды. 

Сондай-ақ, бұл күні Жамбыл облысы прокуратурасының Тараз қаласындағы ғимаратының алдында да Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымызға арналған ескерткіш тақта ашылды. Онда Бауыржан Момышұлы мен соғыстың ең қиын жылдарында құқықтық тәртіпті қалыптастыруға үлес қосқан басқа да прокурорлардың есімдері жазылған.

Салтанатты шара барысында Зейнеп Ахметова, жазушы әрі Бауыржан Момышұлының келіні, батырдың мұрасын сақтауға қосқан үлесі үшін ерекше алғысқа ие болды.