Жаңалықтар

Даланың жауһары – қызғалдақ

Әр көктем келген сайын Әулиеата өңіріндегі иен дала көздің жауын алар қырмызы қызғалдағымен жайнап тұрады. Керек десеңіз қызғалдақ Жамбылдың бір брендіне айналып, жыл сайын қызғалдақтар фестивалін өткізу бұл күнде үрдіске айналды. Осы жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылғалы жатқан мерекелік іс-шара ерекшеліктерге толы болмақ. Түрлі елдерден келген қонақтар өңір табиғатының ғажайып бейнесін тамашалайды. Фестиваль аясында табиғат байлығын құрметтеп қана қоймай, жергілікті салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды шетелдік қонақтарға көрсететуге мүмкіндік туып отыр.

«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалін 2-3 мамыр күндері өткізу жоспарланған. Біраз халықтың көкейінде «қызғалдақты соншалықты қорғап, бір гүлге бола дүбірлі думан ұйымдастырып не керек?!» деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы мәселеге қатысты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы түсіндірме беріп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Шындығында да облысымыз әлемдік қауымдастық тарапынан Грейг қызғалдағының отаны ретінде танылып отыр екен. Грейг қызғалдағы қызғалдақтардың патшасы болып саналады. Голландияда қызғалдақтың бұл түрінен 300-ден аса мәдени сорты шығарылған. Қызғалдақ түрін көбейтуге Голландия қаншалықты көңіл бөлетінін осыдан байқауға болады. Ал бізде табиғат өзі берген дала байлығына жеткілікті деңгейде құрмет көрсетілмейді.

Көктем келісімен шөлдерде, дала және таулы алқаптарда еліміздің сұлулығы мен мақтанышы – қызғалдақтар гүлдей бастайды. Алайда көп адамдар білместіктен бұл нәзік гүлді жұлып, өздерімен алып кетіп жатады. Осы себепті бүгінгі таңда жабайы қызғалдақтар тым азайып барады. Тіпті қызғалдақтардың кейбір түрлерінің жойылып кету қаупі де бар. Сондықтан экологиялық сауаттылықты жақсарту және адамның табиғат алдындағы экологиялық жауапкершілігін арттыру маңызды мәселе болып отыр.

Таулы жерлердің ғажайып көркі мен тамылжыған табиғаты аясында өсіп тұрған жабайы қызғалдақтардың табиғи ландшафттарын сақтап қалу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Фестивальді өткізудегі басты мақсат та осы.

Ауқымды іс-шара барысында қандай ойын-сауық бағдарламалары жоспарланғанын білу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен аз-кем тілдескен болатынбыз. Басқарма басшысының айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туризм саласын дамыту, қызғалдақтың табиғи өсу ортасын сақтау және қазақ халқының мәдени мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу.

Фестивальдің екінші күні, яғни 3 мамырда, Талас ауданының Есейхан ауылында Қаратау тауының бөктерінде негізгі мәдени іс-шаралар өтеді. Бұл күні қызғалдақ алқабында ұлттық киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады, арнайы сахна құрылып, түрлі көрмелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мәдени бағдарламалар аясында флористика, сән үлгілері, ұлттық спорттық ойындар мен салт-дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылады.

Фестиваль аясында 10 киіз үй қолөнершілерге беріледі. Бұл киіз үйлерді облыстың қолөнершілер бірлестіктері мен аудандардан келген шеберлер пайдаланады. Атап айтқанда, «Шебер шаңырақ» мүгедектер бірлестігі, «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігі жәнеТалас ауданынан келген шеберлерге екі-екіден, қалған аудандардың өкілдеріне бір-бірден киіз үй беріледі. Мұндағы мақсат – өңірлік қолөнердің даму деңгейін көрсету, ұлттық бұйымдарды насихаттау және сауда-саттықты ұйымдастыру.

Ерекше атап өтерлігі, ауыл тұрғындары мен қонақтар үшін фестиваль өтетін орынға дейін және кері қайтатын арнайы автобустар мен спринтерлер ұйымдастырылады. Олар Тараз қаласындағы «МART» сауда үйінің алдынан таңғы 07:00-ден 08:00-ге дейін жүреді. Бұл көліктердің сыртына арнайы логотиптер жапсырылады, ал олардың қозғалысын тәртіп сақшылары қадағалап отырады.

Ұлттық спорт жарыстары – фестивальдің басты бағыттарының бірі. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі (әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша), қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату және тазы иттер жарысы ұйымдастырылады. Әр спорт түрі бойынша жүлделі орын иегерлеріне 200 000, 100 000 және 50 000 теңгеден сыйақы беріледі. Жарысты ұйымдастыру мен қауіпсіздік шараларын облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Талас ауданы әкімдігі өз жауапкершілігіне алған.

Фестивальдің соңында гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталады. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері концерттік бағдарлама ұсынады. Жеңімпаздар қатарында спорт жарыстарына қатысқандар, үздік қолөнершілер, киіз басу акциясына атсалысқандар, флористика және сән бағытының үздіктері болады. Қазақстан Рекордтар кітабының өкілі арнайы сертификат тапсырады.

Ауқымы кең, мазмұны терең бұл фестиваль облыс тұрғындарының ғана емес, қонақтардың да ерекше қызығушылығын туғызып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бірреттік шара емес, болашақта дәстүрлі түрде өтетін тұрақты фестивальге айналмақ. Аспандияр Сейсебаев мұндай іс-шаралар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің халықаралық беделін көтеруге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«АУЫЛ» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Айгерім Сәрсенбаева бұл фестиваль ұлт ретіндегі рухани байлығымызды, туған жеріміздің сұлулығын әлемге паш ететін үлкен мәдени оқиға екенін айтады.

Ал «QOLONER TARAZ» қоғамдық бірлесігінің төрайымы Раушан Құндызбаева фестиваль аясында 5 қолөнершілер бірлестігі қазақтың мұрасын шетелдіктерге таныстыратынын айтты.

Бұл күні жүздеген шебер бір мезетте 200 шаршы метрлік алып киізді басып, КИнЭС кітабының рекордын жаңартпақ. Қолөнершілер атаққа құмартып емес, қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын киіз басу өнерін кеңінен таныстыру, оның дәстүрлі әдістерін сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ ұлттық қолөнеріміздің құндылығын әлемдік деңгейде мойындату жолында еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн.

Қызғалдақ – көктемнің көркі ғана емес, ұлттың жады, даланың үні, рухтың тынысы. Қаратаудың етегінде құлпырып өсіп тұрған осы гүлдер – ата-бабамыздан қалған табиғат аманаты, болашаққа жол тартқан тірі шежіре. Сондықтан да ұйымдастырушылар «Қызғалдақ мұра – 2025» фестивалі арқылы тек табиғатты қорғап, ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, ұрпақ санасына туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін сіңіруді мақсат етіп отыр. Табиғат пен өнер тоғысқан бұл айтулы мереке әрбір қонаққа шабыт сыйлап, рухани қуат береді, дала байлығы – қызғалдақ, келушілерін нәзік сұлулығымен қуантады деп сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ