Із-түзсіз жоғалған Жаманшал жайлы не білеміз?
Менің кіндік қаным тамған Жаңатұрмыс ауылында қан майданнан қайтпаған боздақтарға арналып салынған ескерткіш тұр. Сол обелискінің эскизін марқұм Жұмахан Оматаев жасап еді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүкіл ауыл болып осы құлпытасты орнатып, оған майданға кетіп, елге оралмай қалғандардың тізімін тасқа қашап жазған едік. Сол жәдігер тас әлі бар. Жеңіс күнінде ауыл адамдары осында жиналады. Биыл сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады.
Осы таста соғыс сүрлеуімен кетіп із-түзсіз жоғалғандар да бар еді. Осы тізімге Тоғызақ батырдың Қазыбайынан тараған Бектембай ұрпақтары да енген. Атақты Шаншар байдың Сақұлынан туған Әбдіқасым мен төртінші ұлы Жаманшал із-түзсіз кеткендердің тізімінде болатын. Тойбала ана соғысқа дейін шешектен өлген Оспаналысы мен Құрманалысын жоқтап жүргенде Әбдіқасымын әскерге алды. Сөйтіп, ол қан майданға кетіп, қайтпады. Шаншар бай бес әйел алған ғой. Жаманшал Мінәсіп деген әйелінен екен. Ол соғыс басталғанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозының бухгалтериясында он жыл есепші болыпты. Қыпшақ Орманның Рыскүл деген қызына үйленбекші болып жүр екен. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, Жаманшал ғашығына үйлене алмай 1941 жылдың 4 тамызында әскер қатарына алынады. Неге екені қайдам Жаманшалды Удмуртия Автономиясының Ижевск қаласындағы курсанттар даярлайтын курсқа жібереді. Ондағы алты айлық курсты бітірген соң оны Читадағы жағалау күзетіне ауыстырады. 1943 жылдың 18 тамызына дейін ол Чопье стансасында, дәлірек айтқанда Амур жағалауында болады.
Бізге осы деректердің барлығын Шаншар байдың үшінші ұлы Спанқұлдың Әтімқұлының баласы Болат көз майын тауысып жүріп құпия кеңселерге, тіпті Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының Қорғаныс Министріне, Президент Путинге қажымай-талмай хат жазып жүріп архивтерде сарғайып жатқан қағаздарды көтертіп, жинап берді. Олай деуіміздің себебі жоқ емес. Өйткені Кеңес үкіметі тұсында тәркілеуге түскен Шаншар байдың тұқымдары еді бұлар. Сонымен, сөзді Болат Әтімқұлұлына берейін. Ол былай дейді: «Жаманшал атам туралы деректі іздегеніме омыртқасы бүтін отыз жыл болған шығар-ау, тегі. Жаманшал атамызды «Жаманшапан» деп те атап жүрді кейбіреулер. Біздің осы Бектембай ата тұқымында соғысқа қатысып келген Мырзашал деген кісі бар еді. Ол кісінің немістің тұтқынына түскенін өзі де сол пленде болған Балтабай Мірәлиев те айтып отырушы еді. Атамыздың аты Жаманшал екенін (Мырзашал кісіге ұқсас болған соң) осы зерттеу барысында білдім. Иә, аталарымыз қиын-қыстау заманда, қуғын-сүргінде, НКВД-ның аңдуында жүргендіктен олар туралы дерек-дәйекті құзырлы органдардан ала салу оңай болған жоқ. Егер үкіметтің қаһарынан қорықпаса олар аттарын (ныспыларын) жұрттан жасырар ма еді. Алысқа бармай-ақ, өзімнің аталарымды алайыншы. Атамның аты Спанқұл (орыс шенеуніктері оны Испанкул деп жазды). Осы аттың астарын ашып көрейікші. «Ыспан» дегені «Ныспым» дегені екен. Оған «құл» сөзін қоссаңыз «Ныспымқұл» деген сөз шықпай ма? Ал менің әкемнің аты – Әтімқұл. Демек «Әтім» дегені «Атым» болмай ма? Сонда ол сөздің түп төркіні де: «Атым құл» ғой. Турасын айтқанда: «Мен де Құдайдың құлымын» дегенді білдіреді емес пе?».
Иә, біз кейде арамызда, тіпті жанымызда жүрген азаматтарды елей бермейміз. Ал, Болат бауырымыз архив материалдарын ақтарып жүріп өзінің аталас ағасы, Ұлы Отан соғысына қатысып, омырауына орден таққан, лейтенант деген шені бар барлаушы Әділхан Тоқтаров туралы да тың деректер тауып отыр. (Ол туралы біз бөлек мақала жазамыз).
Сонымен, Жаманшал ағаның Приморскіден кейінгі тағдырына тағы бір көз жүгіртіп көрейікші... Курсанттар оқуын тәмамдаған Жаманшал жағалау күзетінде ысылып, солдат шинелінің иісін анық сезіне бастаған шақта Приморскіден жаңа әскери құрама құрылады. Солтүстік Кавказдағы неміс генералы Манштейн жойып жіберген 227-дивизияның орнына Сталин Приморьеден дәл сондай жаңа дивизия құрып, 1943 жылдың 18 тамызында қанды соғысқа әкеліп қосады. Жаңа құрама Феодосияны, Қарасу базарын, Глазовканы неміс басқыншыларынан азат етеді. Немістер бұған дейін бес ай бойы бас көтертпей осы Керч қаласы маңындағы Бақсы елді мекенін әуеден де, жерден де атқылай берген соң кеңес әскерлерінің шығыны көп болғаны соншалық, өлген жауынгерлерді осындағы бір кәрі кемпір мен шалдың шарбағына апарып көме берген ғой. Желтоқсан айы мен сәуір айлары өтіп кеңес десантшылары келгенше Глазовка фашистердің плацдармы болған екен.
Осы кезде Жаманшал Шаншаров Солтүстік Кавказдың №711-артиллериялық Темрук атқыштар полкында алғаш писарь, одан соң гаубицалық расчетта оқтап, көздеуші болады. Кутюгур-Кургандағы бір деревняны азат ету кезінде олар ерен ерлік көрсетеді. Осыған орай Жаманшалға «Ерлігі үшін» медалімен бірге ефрейтор шені қоса тапсырылады. Бұл 20 қыркүйек пен 9 қазан аралығында болған шайқас еді. 1944 жылдың 11 сәуірінде бұлардың артиллеристері Керч қаласын жау қолынан азат ету үшін жаяу әскермен қоса ұмтылады. Осы шайқаста Жаманшал тағы да қайталанбас ерліктің үлгісін көрсетеді. Осы ерлігі үшін оған Ш дәрежелі әскери «Даңқ» ордені мен қоса кіші сержант атағы беріледі.
Әскери құрама Батыс Румыния жеріне Қара теңіз арқылы өтеді. Быры поселкесі үшін болған шайқаста Шаншаров тағы да ерлік көрсетіп, гвардия подполковнигі Сеньковтың өз қолынан екінші дәрежелі әскери «Даңқ» орденін алады. Бұл кезде соғыстың аяқталуына небәрі үш күн қалған еді. Ж.Шаншаров ерлікпен қаза табады. Оны алғаш Быры ауылына жерлейді. Кейін 2014 жылы Батыс Румынияның Тургу-Муреч қаласындағы 2205 жауынгер жерленген бауырластар зиратына апарып қояды.
Осы қаралы хабар осыдан 80 жыл бұрын Еврей автономиялық облысының Биробиджан қаласындағы комиссариатқа келіп түскен екен. Қаланың мемлекеттік архивінде жатып қалған қаралы қағазды Әтімқұлдың Болаты 2024 жылғы 24 ақпанда өзіне арнайы жолданған хат арқылы біледі.
Тағы бір айтатын нәрсе, 1943 жылы Приморье өлкесінен Солтүстік Кавказға пойызбен өтіп бара жатқанда Жаманшал туған жерін сағынып хат жазыпты. Болат осы соңғы хатты да жасырын кеңсе архивінен тауып әкелді.
Сол бір қилы заманда: «Бай балалары неге соғысқа бармайды» дегендер де болды. Неге бармасын... Атақты Шаншар байдың екі баласы бірдей осы соғысқа қатысып, жат жерде жау қолынан мерт болды. Жәй емес, Отан қорғап шаһид болды. Сол Жаманшал Шаншаров екі бірдей әскери «Даңқ» орденінің иегері атанып еді. Жаңатұрмыс ауылында осындай «Даңқ» орденін алған екі майдангер бар еді. Бірақ олардың кеудесінде бір ғана Даңқ» ордені бар болатын. Енді Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің шәкірттері тағы да бір «батыр атамыз бар» деп мақтанса болады.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
журналист,
Меркі ауданы