Қажымас қайраткер, қарымды қаламгер
Туған еліміздің арғы-бергі тарихына, атамекен атауларына, атақты тұлғаларға қатысты зерттеу мақалалары мен тебіреністен туған сырлы өлеңдері арқылы танылған марқұм Қамбар-Бек Қойшыбайұлы Талас ауданындағы шығармашыл тұлғалар көп шыққан Аманкелді (қазіргі Тамабек) ауылының тумасы. Атасы Құрманәлі аймаққа белгілі жылқышы болған, соғыс жылдары жылқы фермасын басқарған.
Аға-дос, қаламдас,әріптес Қамбар-Бек Қойшыбайұлы туралы бір үзік сыр
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген. Буыны бекісімен тайға мініп, жер шолып, табиғат аясында өскен бала Қамбар мектеп бітірісімен ауылға қажет мамандықты игермек ниетпен Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумына оқуға түскен. Оны бітірген соң туған жеріне оралып, «Ойық» кеңшарының №4 фермасына зоотехник болып орналасты. Атақты директор Әнуарбек Тәжімбетов басқаратын шаруашылықтың даңқы дүрілдеп тұрған кез еді. Жас маман ісіне тез төселіп алды. Отарларды, ірі қара табындарды атпен жиі аралап тұрды. Осындай сәттерде қиялы шарықтап, табиғат көріністерінен алған әсерін ер үстінде келе жатып қағазға түсіретін. Өлең-жырға әуестігі мектеп қабырғасында жүргенде оянған. Тырнақалды жазғандары 1964 жылдың күзінен бастап аудандық газетте жарияланған.
Еңбек жолын жаңа бастаған шағы туралы Қамбар-Бек Қойшыбайұлы: «Ойық ауылы менің қиял-арманымды қияға жетелеген, шығармашылығыма жол ашқан киелі мекен» деп еске алушы еді.
Өлеңге құштар жас маман өзімен бірге еңбек етіп жүрген өнерге бейім, әнші, күйші жастардың басын қосып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Өндірісте өнімді еңбек ете жүріп, бос уақыттарын өнерлерін ұштауға арнаған ойықтық жастар елге таныла бастады.
Кеңестік дәуірде іскер әрі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын жастарды қызметте жоғарылатып отыратын. Жас зоотехник Талас аудандық атқару комитетіне нұсқаушылыққа шақырылды. Жұмысына төселе бастағанына аз уақыт өтпей облыстық «Еңбек туы» газеті (қазіргі «Aq jol») ақындық сапарына сәт-сапар тілеп, топтама өлеңдерін фотосуретімен қоса берді. Сол кезгі астана – Алматыдағы іргелі оқу орны Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) сырттай оқуға түсті. Мұның бәрі аз жетістік емес еді.
Аудандық атқару комитетінде де жақсы қырынан көрініп, аудан басшыларының назарына іліксе де мансап қуған жоқ. Өлең деп соққан жүрегінің әмірін тыңдады. Өз қалауымен Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне (қазіргі «Talas tynysy») ауысты. Журналистік жолы осылай басталды.
Аудандық газетте де Қамбар-Бек Қойшыбайұлы өзін әр қырынан таныта білді. Бір өзінен 56 Еңбек Ері шыққан ауданның қол жеткізген жетістіктеріне арналған алқалы жиындарда озаттар өлеңмен таныстырылатын. Өлеңнің авторы әрине бойында ақындық қабілет барын танытқан Қамбар-Бек Қойшыбайұлы. Ал сахна сыртында микрофон ұстап тұрып оқитын, дауысы Левитаннан кем түспейтін әрі әншілігі де керемет Алтынбек Оразбеков еді. Екеуі ауданның әуесқой артистері Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» комедиясын сахналаған кезде де басты рөлдерді сомдап, ел қошеметіне бөленгені өткеннің еншісіндегі оқиға.
1969 жылы драмалық үйірмелер мен халық театрларының республикалық байқауында жоғары баға алған таластық өнерлі жастар ұжымының Мәдениет министрінің бұйрығымен «Ақкөл халық театры» атағын алуына да Қойшыбайұлының қосқан үлесі бар. Талас ауданының атынан облыстық айтысқа қатысып, Байзақ ауданының өкілі Әлен Мәдешовпен тең түсіп, жыр додасынан жүлделі оралғаны да сол жылдары.
Қай тақырыпқа да еркін жазатын Қамбар-Бек Қойшыбайұлы 1972 жылы облыстық «Еңбек туы» газетінің Талас ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметіне шақырылды. Кейін редакция аппаратына алынып, Бақытяр Әбілдаұлы ағамыз басқаратын ауылшаруашылығы бөлімінің аға тілшісі болып еңбек етті. Майталман журналистердің ортасында шеберлігін ұштап, ауылшаруашылығы тақырыбына қалам сілтеуге әбден төселді. Бақытяр ағамыздың ұстаздық-тәлімгерлік қамқорлығын көрді.
Алматы жоғары кеңес-партия мектебінің түлегі Қамбар-Бек Қойшыбайұлы 1984 жылдың жадыраған жаз айында Байзақ (ол кез Свердлов атында) аудандық газетіне бас редактор болып келді. Бұл шақта мен «Село жаңалығы» - «Сельская новь» деген қосарлы атпен қазақ және орыс тілінде екі бөлек, аптасына үш рет шығатын аталған газетте ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Редакциямызда қалыптасқан шығармашылық ұжым бар еді. Бағымызға орай, жаңа редакторымыз ұстамды, сабырлы адам болып шықты. Ешкімді орнынан қозғаған жоқ. Негізінен бөлім меңгерушілеріне арқа сүйеді, тақырыптық жоспарлардың орындалуын талап етіп отырды. Орыс редакциясында кадрлардың тұрақтамайтыны көп қиындық тудыратын. Осындай кезде Бақытяр ағамыздың ұлы, педагогикалық институтты жаңадан бітірген Нұрғали Әбілдаев келіп, олқылықтың орны толды. Орыс тілінде еркін жазатын елгезек Нұрғали жұмысына тез төселіп кетті. Аудандық партия комитетінің назарына ілікті. Солардың нұсқауымен партия қатарына қабылдадық. Әрине, кепілдеме жазып берген коммунистердің бірі өзім болдым. Көп ұзамай аупарткомның аппаратына нұсқаушылыққа шақырылды. Одан облыстық партия комитетіне ауысты. Әр жылдары Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің редакторы, қала әкімінің орынбасары болып істеді. Кейінірек журналистикаға қайта оралып, облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары, Астана қаласында шығатын «Вечерная Астана» газетінің бас редакторы болды. Зейнеткерлікке шығар алдында республиканың бас басылымы «Еgemen Qazaqstan»-да еңбек етті. Бүгінде Астанада тұрады.
Қандай жағдайда да сабырлы қалпынан танбайтын Қамбар Қойшыбайұлы бәрімізге жайлы басшы болған еді. Бір таңқаларлығы сөзге сараңдығы, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтіні, сирек күлетіні тұңғыш редакторым, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғани Әлиевтен еш аумайтын. Кейін ғой, облыстық газетке ауысқанымда «Знамя труда» газетінің ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген Ғани ағамызбен бір әңгіме үстінде Қамбар-Бек Қойшыбайұлы екеуінің бір ауыл, бір елден екенін білгенім. «Адам топырағына тартып туады» деген бар. Бір кездері аудандық газетке Ғани ағамызды іздеп келіп тұратын Шона Смаханұлының, өмірден ерте кеткен талантты ақындар Нарша Қашағанұлы мен Серік Томановтың кіндік қандары тамған Ойық топырағында бір қасиет барына шүбәсіз сенемін.
Байзақ ауданынан кейін Қойшыбайұлы туған жеріне оралып, Талас аудандық газетінде жемісті еңбек етті. Бертінде аудандық мәслихат депутаты, аудандық тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққан соң отбасымен Тараз қаласына көшіп келді.
2011 жылдың тамыз айында бірге жұмыс істеген Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің 70 жылдығы аталып өтті. Ол кезде аудан әкімі Батырбек Құлекеев, ал аудандық газеттің редакторы марқұм Сапар Қалмұратов марқұм болатын. Басылымның мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауданнан шыққан көрнекті тұлға Арғынбай Бекбосын ағамыз бастап, арамызда Қамбар-Бек Қойшыбайұлы да бар бір топ қаламгер бардық. Алдымен аудандық газеттің тұңғыш ұйымдастырушысы, алғашқы редакторы болған Мәдіәзім Мәдіыбырайымовқа ескерткіш тақтаның ашылуы өтті. Кезінде онымен бірге облыстық қазақ тілді газетте бірге жұмыс істеген қарт журналист Ахмет Қазыбаев ағамызды ерте барған едік. Оған да, газет тойына келген ардагер журналистерге де лайықты сый-сыяпат жасалды. Іс-шаралар легі «Бағлан» мейрамханасында одан әрі жалғасып, алғыс-тілектерімізді айтып, бір жасап қалғанымыз күні кеше сияқты.
Тізе берсем, бірге болған жарқын сәттеріміз аз емес. Қамбар-Бек Қойшыбайұлының 75 жасқа толғанын Тараз қаласындағы «РИО» мейрамханасында дүркіретіп атап өттік. Әріптестер, қаламдас аға-інілері атынан небір жақсы тілектер айтылды. Туған жерінен келгендер «Талас ауданының Құрметті ардагері» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты.
Содан беріде де тарихи тақырыптарды кеңінен қозғайтын зерттеу мақалалары, эсселері республикалық «Түркістан» газеті, «Ақиқат» журналы, облысымыздағы «Аq jоl», «АR-AI», «Ауыл-аймақ» газеттерінде тұрақты жарияланып тұрды. Республикалық баспалардан шыққан жинақтарға енген еңбектері де баршылық. 2010 жылы «Сенім» баспасынан шыққан «Ақтаңгер» кітабы Қамбар Қойшыбайұлының осы аттас көлемді естелік-эссесімен ашылды. Оқи отырып ел мен жер шежіресіне жетіктігіне, өзі қамқорлығы мен шарапатын көрген «Ойық» кеңшарының директоры Әнуарбек Тәжімбетов пен оның үзеңгілес серіктерінің халқына сіңірген еңбектерін, биік адамгершілік қасиеттерін ұтымды жеткізе білген қаламгерлік шеберлігіне риза боласыз.
Қай тақырыпты қозғамасын Қамбар-Бек Қойшыбайұлы шежірелі әңгімелерге жетік ауыл қарттарынан, замандастарынан естігендері мен мұрағаттарды ақтарып тапқан құжаттарға сүйенеді. Осыдан да болар ұмытылған жер-су атаулары, кеңестік биліктің ел мен жерге тигізген зардаптары туралы бұрын айтылмай келе жатқан жайларды арқау еткен «Шымылдықтау. Көсегеннің көк жоны», «ГПУ қиратқан кесенелер», «Көсемге хат жазған Құлжабай» және тағы басқа да зерттеу мақалалары қызықты оқылады. Мұқағали Мақатаев туралы «Мұзбалақ ақынмен дидарласқан мезет» деген естелігі шынайылығымен тәнті етеді.
Өлке тарихын жаңаша пайымдауға үлес болып қосылған мақалаларымен танылған Қамбар-Бек Қойшыбайұлы өлең жазуда да өз өрнегімен көріне білді. Ұлт газеті «Ана тілінде» шыққан «Дүниенің басы – шын, арты жалған...» және «Тарихтың тіні, қазақтың ділі – қара өлең» топтамаларына енген жырлары оқырмандарды бей-жай қалдырмайды.
«Менің пірім әрдайым сыйынатын, қасиетті қазақтың қара өлеңі». Бұл – Қамбар-Бек Қойшыбайұлының жүрегін жарып шыққан өз сөзі, қаламгерлік ұстанымы. Деректі өлеңдері, толғаулары да өз бағасын алды. Бір мысал, «Таласта тумаларым тұрады» деген дана тұлға, елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ата-бабаларының мекені – Талас ауданына келіп тұрғаны белгілі. Осы жайында «Дегдар Димаш» атты толғау жазды. Оны Халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесіне келіп, қор мүшелері алдында оқып берді. Дана тұлғаның халқына сіңірген еңбегі, бойындағы адами қасиеттерін өлең жолдарымен жеткізе білгені өз бағасын алды. Толғау өзім құрастырған «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» естеліктер жинағының бірінші кітабына енді. Кітап үлкен сұранысқа ие болып, тез тарап кетті. Содан да қосымша мың данасы шығарылып, облыстың барлық кітапханалары алды. Бұл 2016 жылы болған еді.
Тұрғыластары мен жасы кіші інілері құрметтеп Қамаң атайтын Қамбар-Бек Қойшыбайұлының негізгі тақырыбы – ауыл. Бұған ауық-ауық облыстық газеттерде шығып тұрған зерттеу мақалалары куә. Айталық, сүбелі мақалалары жиі жарияланып тұрған облыстық «АR-AI» газетінің 2024 жылғы 28 ақпанда жарық көрген санындағы «Жаманқұлдан Жиембетке жеткен көш» атты көлемді мақаласын оқи отырып, Талас ауданының Талапты ауылының арғы-бергі тарихына қатысты қаншама архив құжаттарын ақтарғанына, көптеген аға буын өкілдеріне жолығып, сұхбаттасқанына көз жеткізіп, еңбекқорлығы мен табандылығынна риза боласыз.
Еңбекқорлық демекші, қажымас қаламгердің арғы-бергіде жазған, жеті томды құрайтын қолжазбаларын баспадан шығаруға әрекеттеніп жүргенін білуші едім. Қолға алған ісінің оңынан атқарылар сәті туарына тілектес болатынмын. Бірақ, әттең...
Өткен жылдың наурыз айының ортасында Қамбар-Бек Қойшыбайұлы менімен «WhatsАpp» арқылы хабарласты. Қатты сырқаттанып қалғанын, компьютерде отыра алмайтын хәлде екенін, Жамбыл малдәрігерлік зоотехникалық техникумы туралы кітабының қолжазбаларын жіберетінін айтып, баспадан шығуына бас-көз болуымды сұрады. Кітап дайын болғанда балаларының демеуші табатынын да ескертті.
Алла шипасын беріп жазылып кетуін тілейтінімді, көмектесуден қашпайтынымды айтып жауап жазған едім. Дертінен тезірек жазылып кетсе екен деп тіледім. Әйтсе де, үмітім ақталмады. Сәуір айы ортасынан ауа өмірден озды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Тағдырдың жазуына қарсы еш қайран жоқ...
Сыйласып өткен аға-дос, қаламдас-әріптестің өтініш-аманатын орындап, аяқтай алмай кеткен ісін жалғастырып, қолжазбаларын жүйелеп, редакциялап, жергілікті «Формат-Принт» баспаханасына тапсырдым. Көп ұзамай «Қақтық қанат Құланнан» деген атпен кітап болып шықты. Әрине немересі Нұрсұлтанның, балалары мен бауырларының қаржылай көмегімен.
Ертең Қамбар-Бек Қойшыбайұлының жылдық асы беріліп, рухына Құран бағышталып, шығармалары енген үш кітабының тұсаукесері өткізілгелі отыр.
Өзі өмірден өтсе де, бейнесі көңілден кетпейтін аға-достың жатқан жері жұмақтан болғай деп тілеймін!
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі