Оқушылардың танымын кеңейткен кездесу
Тараз қаласындағы №30 мектепте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев оқушылармен кездесті.
Бақытжан Асембекұлы балаларға қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелері, жолдағы қауіпсіздік дағдылары туралы айтып, ғаламтор желісіндегі қауіпсіздік мәселесіне, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Оқушылармен ашық әңгіме оқу орындарындағы буллинг, бопсалау, жасөспірімдерді есірткі саудасына тарту секілді өткір тақырыптарды талқылауға ұласты.
Іс-шара барысында оқушылар «Полиция қызметкері қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?», «Полицейлер қызметте қаншалықты жиі қауіпті жағдайларға тап болады?» деген сынды сан алуан сұрақтар қойды. Полиция департаментінің бастығы сауалдарға тереңінен жауап беріп, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған нақты қылмыстық деректер туралы айтып берді.
Кездесу соңында қатысушыларға құқықтық нормаларды білу және құрметтеу қаншалықты маңызды екенін мысалмен көрсететін қысқа бейнероликтер көрсетілді. Ең белсенді оқушыларға Бақытжан Асембекұлы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» танымдық кітабын табыс етті.
Мектеп мұғалімдері атап өткендей, осындай ашықтық форматтағы кездесулер жастардың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар өз уақытысында көтерілген мәселелер мен ашық сұрақтар асығыс жасалған әрекеттер мен келеңсіз оқиғалардың алдын алады.
Сондай-ақ «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілген іс-шара барысында Бақытжан Малыбаев «Дабыл» түймесінің, бейнебақылау камераларының жұмысын мұқият тексерді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ