Қоғам

Құмар ойын құрдымға тартады

Құмар ойынның соңына түскендердің болашағы бұлыңғыр. Ойынқұмарлар бұл жол опасыздыққа алып баратынын біле тұра қолындағы барын бәске тігіп, дүние-мүлкінен айырылғанынан бөлек, жақындары теріс айналып, көбіне жалғыз қалады.

Лудомандарды емдеу – аса қиын процесс. Тәуелділіктің салдарынан тартылыс шырмауынан шыға алмай қалады. Жақындарынан тірідей айырылып, ең ауыр сезімдерден өтіп қойғандықтан оған ендігі өмірі бәрібір болып кетеді. Ол ортасынан оңаша, жалғыз қалғандықтан енді емін-еркін, жоғалтатын ештеңесі жоқ, бар қымбатынан айырылған нағыз ойыншыға айналады.

Ойын процесінде алған әсері оларды қайталап ойнай беруге мәжбүр етеді. Одан бөлек қашан да өзіне көңілі толмағандықтан, бойындағы бар ерекше қасиетін ойында көрсетуге ұмтылады. Шынайы өмірге қарағанда ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта орала береді.

Адамның лудоманияға берілуінің ең алғашқы белгісі – ойын туралы әрдайым ойлап, соған байланысты оқиғалардан арыла алмауы. Олар қанша ұтылса да, ойынды тоқтата алмайды. Кезекті ұтылыстан кейін ойнамауға бел буғанымен, бұрынғы таныстарын кездестіріп, осы тақырыпта әңгімелессе немесе букмекерлік кеңсенің жанынан өте қалса құмарлығы қоза түседі.

Осы орайда бірнеше құмар ойынның құрығына ілінген жандардың тағдырымен бөлісуді жөн көрдік.

Лина 16 жасында Еркін есімді жігітті жақсы көрді. Еркіннің де Линаға ілтипаты ерекше еді. Күн құрғатпай гүл, шоколад жіберіп, бар ықыласын бөлетін. Бірде Линаны отырысқа шақырып, сусынына әлдебір дәріні қосып беріп, соңында есірткі ұсынады. Жайдарлы, ақкөңіл мінезді, бір үйдің жалғыз қызының мінезі әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Ол бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы айтқанын екі етпейтін. Соны пайдаланған Еркін Линадан бір доза үшін қомақты қаражат алып тұрды.

Кейін мән-жайдың беті ашылғанда Линаны жақындары емдетті. Алайда жас қыз қазіргі таңда есірткіден бойын аулақ ұстағанымен, құмар ойындарының соңына түсіп кетті. Ол үнемі ойын ойнағысы келіп тұрады. Өзінің құмар ойынға деген желігін басу үшін көшеге шығып, ақша сұрайтын хәлге жетті. Кәдуілгі қайыршыларға қосылып, тиын жинап, бар-тапқанын ойын автоматтарына салады.

Ал небәрі 14 жасар Айгүл өзінің құмар ойынға келуінің себебін еш түсіндіре алмайды. «Көңілім ойынды қалап тұрады. Одан басқа ештеңе қызық емес» депті ол психологтарға.

Ойынның уытына елітушілердің арасында жақында ғана бөбегін дүниеге алып келген жас аналар да бар. Оларды да қарт ата-анасы, күйеуі, тіпті балалары да үйінде ұстай алмайды. Ешкімді тыңдамайды. Ақыры көше кезіп, қаңғырып кеткен келіншектің лудоманияға деген құмарлығы 15 жасында байқалған.

Қызды ата-анасы емдетіп, кейін кәмелетке толар-толмас жасында тұрмысқа беріп жіберген. Әке-шешесінің айтуынша, бұрын ойынқұмарлыққа салынған қыз үйінен кетіп қалғанымен, екі-үш күннен кейін оралатын болған. Психологиялық көмек көрсетіліп, арнайы мамандар ем-дом жүргізген соң қыз есін жиып, құмар ойын ойнауды доғарған.

Мамандардың айтуынша, аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды.

Рухани аздырып, тағдырын тоздырып жіберетін дүниеден адам бойын аулақ ұстағаны абзал. Лудомания – адасқандардың тұншыққан тұрлаусыз тіршілігі ғана. «Азарттың» соңы азап екенін ұмытпайық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ