Қоғам

993 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды

Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу» жобасын іске асыру бойынша «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Жиынның мақсаты – қайталама құқықбұзушылық деңгейін төмендету, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдардың әлеуметтік бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасау. Басқосуда аталған санаттағы азаматтарға жұмыс орындарын ұсыну мен кәсіби даярлық мүмкіндігін қамтамасыз ету тұрғысында бірқатар мәселе талқыланды.

Бұған дейін жоба аясында уәкілетті органдар, облыстық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлік субъектілері арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. Аталған құжат тараптардың бірлескен жұмысының бағыттары мен жауапкершіліктерін айқындай отырып, қайталама қылмыстардың алдын алу және бұрынғы сотталғандарды тиімді оңалту мақсатында мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті дамытуға негіз болып отыр.

«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар меморандум мен ведомствоаралық жұмыс тобы қол қойған хаттамалық шешім аясында көзделген шараларды қарастырды. Облыстық прокуратураның мамандары барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктірудің және жобаны іске асырудың белгіленген мерзімдерін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік 2025 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 5 мекемедегі орта есеппен еңбекке жарамды 1449 сотталған азаматтың арасынан 993 адам жұмыспен қамтылған.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ