Тараздың жаңа тұрғындары неге алаңдаулы?
Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін 10 сотық жер учаскесіне қол жеткізіп, баспаналы болып жатқандар көп.
ЖҰРТТЫҢ ЖҮЙКЕСІН ЖЕР КЕЗЕГІ ЖҰҚАРТУДА
Жамбыл мен Байзақ аудандарындағы бірқатар елді мекен тұрғындары Тараз қаласының құрамына енбей тұрғанда осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында жер кезегіне тұрған еді. Олардың дені сол ауылдық округтерде халыққа үлестірілетін жер теліміне инфрақұрылым жүргізіліп, жер учаскесі таратылатын болса, оған кезек бойынша қол жеткізетінінен үмітті болатын. Бірақ жағдай олар ойлағандай болмады. Мысалы, Тараз қаласының Бас жоспарына сәйкес бір ғана Жамбыл ауданындағы 6 ауылдық округтегі 11 елді мекеннен 34 895 адам қаланың құрамына қосылған. Тарқата айтсақ, Жамбыл ауылдық округі бойынша – 1012 аула, 5 321 адам, Қаратөбе ауылдық округінен – 1 310 түтін, 5 161 тұрғын, Қаройдан – 1 437 үй, 6 741 азамат, Бесағаштан – 891 үй, 4 036 адам, Полатқосшыдан 1 692 түтін, 9 576 азамат, Ақбұлымнан 941 аула, 4 060 адам енген.
Міне, Тараз қаласының шекарасы кеңейіп, оған іргелес жатқан Байзақ ауданын қосқанда барлығы 14 елді мекен қаланың құрамына енген екен. Осы елді мекендерде жер кезегінде тұрған 13 мыңнан аса азаматтың қай-қайсысының болмасын қазір «үй салу үшін жер телімін аламын» деген үміті үрейге айналды. Себебі бұрын өз ауылында жер кезегінде бірінші болып тұрған адамның кезегі енді Тараз қаласы бойынша қай кезде, қандай тәртіппен келетіні белгісіз. Сондықтан да олар облыс орталығы бойынша жер кезегіне соңғы болып тіркелуге құлықсыз және бірінші болып та кезекке тұруға мүмкіндігі жоқ. Өйткені жылдап жер телімін күтіп жүрген Тараздағы 130 мыңнан аса адамның кезегі кейінге шегерілетін болса өре түрекелетіні анық. Одан кейін қаланың жаңа тұрғыны атанғандарға жер учаскесі қай жерден беріледі?! Бұл да басы ашық сұрақ. Мысалы, қалаға тиіп тұрған бұрынғы Шайқорық ауылының тұрғыны үшін қаланың басқа бір шетінен жер телімін алу тиімсіз. Қысқасы, облыс орталығына жаңадан қосылған елді мекен тұрғындарын қазір осындай сауалдар мазалап жүр.
Осы орайда біз Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дінмұхамет Омаровпен тілдестік. Ол осы мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Нақты айтар болсақ, осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаевқа және Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровке, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетіне тиісті ұсыныс жолданған екен. Онда қала аумағына енген аудандардағы тұрғындардың жер кезегін қалаға ауыстырмай, осы аудандардан кезекте тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мәселесі атап көрсетілген. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» № 255 бұйрығына өзеріс енгізу ұсынылған.
ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ТҰТҚАСЫ КІМДЕ?
Нақ осындай мәселе мемлекеттік қор есебінен берілетін тұрғын үйге де қатысты туындап отыр. Себебі Тараз қаласының құрамына енген тұрғындар арасында бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелген мүгедектігі бар адам немесе көпбалалы ана секілді санаттағы азаматтар да бар. Сондықтан да бұл мәселенің де қалай шешімін табатыны көпшілік көкейінде жүрген сұрақтың бірі.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорының мұқтаж азаматтар тізіміндегі кезек саны 1 сәуірдегі мәліметке сәйкес 40 174 адамды құраған. Соңғы бес жылда кезекке тіркелгендердің саны жыл сайын артып келеді. Орта есеппен кезекке алынғандар саны жылына 1 200-1 500 адамға ұлғайып келеді.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов 2022 жылдан бастап әлеуметтік жағынан осал топтарға – көпбалалы отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға арналған тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. Бұл бағдарлама бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйлерге қатысты төлемдердің тең жартысы мемлекеттік бюджеттен, қалғаны пәтер алушылар есебінен төленеді екен.
Жамбыл ауданы, Аса ауылында үй кезегінде тұрған азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Осы ауыл тұрғыны Фарида Әуелбаева өзінен кейін кезекте тұрғандардың пәтер алып жатқанын көріп, әділеттілікке деген сенімі семгенін айтады.
Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әзімхан Жарлығаповтың айтуынша, аудан бойынша тұрғын үй кезегіне 1 752 азамат тіркеліпті. Бірақ елді мекендер қалаға қосылғаннан кейін жүргізіліп жатқан мәліметтерді сәйкестендіру (интеграция) жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш төмендейді деп күтілуде. Яғни, кезектегі азаматтар саны шамамен 1 500 адамға дейін азаюы мүмкін.
Біздің негізгі мақсат – қала құрамына жаңадан енген елді мекендердегі пәтер кезегінде тұрған азаматтардың баспананы қай жақтан алатыны. Осы мәселемен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің әдіскері Диля Соқжанова хабарластық. Ол қаладағы тұрғын үй кезегіне аудандардың қатысы жоқ екенін айтты.
Біз қанық болғандай тұрғын үй кезегіне бұған дейін тіркелгендер баспананы өз аудандарынан алады. Ал жер кезегі мәселесінің шешімі қазір іздестірілуде. Қаланың құрамына енген тұрғындардың бұрынғы кезек бойынша өздері тұрып жатқан аумақтан жер телімін алуы, алмауы әзірге алдағы уақыттың еншісінде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ