Жамбыл жаңалықтары

Жоба тиімді жүзеге асуда

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында партия жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар, облыс әкімдігі мен бірқатар қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиынды ашқан «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова жоба тиімді жүзеге асырылып жатқанын, бірақ бірқатар кемшіліктер де бар екеніне тоқталды.

Жобаның Меркі ауданында жүзеге асырылу барысына жасалған зерделеу жұмыстары бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев баяндама жасады.

Келесі кезекте Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек кеңеске қатысушыларға «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттары мен нәтижелері туралы ақпарат беріп, 2025 жылға бағытталған жоспарлармен бөлісті.

Бірлескен кеңес отырысын қорытындылаған Фарида Жүнісова «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында 3 көрсеткіш негізінде енгізілгенін айтып өтті. Оның айтуынша 2025 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш Жол картадағы көрсеткіштерге жасалған талдауға сәйкес, жобаның жүзеге асырылуы үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражатқа 740 өтінімді несиелендіру көзделген. Дегенмен биылғы жылы жобаның іске асырылуы үшін республикалық бюджеттен шамамен 15 миллиард теңге қаржы қажет екен.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ