Алматыда азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеген күдікті ұсталды
Алматыда 25-тен астам азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеген күдікті ұсталды,деп хабарлайды arainfo.kz
Жедел-іздестіру іс-шаралары аясында полиция қызметкерлері 20 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Ол үшінші адамдардың атына бірнеше рет олардың хабарынсыз шағын несие рәсімдеген деген күдікпен ұсталды.
Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, жауап алу кезінде жас жігіт өз кінәсін мойындап, мұндай әрекетті 25-тен астам рет жасағанын айтты. Эпизодтардың бірі күдіктінің әрекетінен зардап шеккен қала тұрғынының арызы негізінде қылмыстық іс қозғауға себеп болды.
Күдікті қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Полиция азаматтарға ескертеді: жеке деректеріңізді желіде бөліскен кезде абай болыңыз. Қаржылық шоттарыңызды тексеріңіз, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан келетін хабарламаларға мұқият болыңыз. Күдікті әрекет болған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.