«Кітап оқитын жастар – ел үміті» кітап керуені өтті
Жас ұрпақты кітап оқуға баулу, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын жастар – ел үміті» кітап керуені ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz
Іс-шараға Әулиеата өңірінің талантты жас ақындары – Оңғар Назерке мен Абылай Ғалия, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің білімгерлері, «Шолахова А.А» жеке кәсіпкерлігінің вокал үйірмесі, «Ару-Наз» өнер студиясы мен Төле би атындағы №8 гимназияның оқушылары белсене қатысты.
Кітап керуені патриоттық рухты оятатын «Мен қазақпын» әнінің композициясымен ашылып, кітап туралы терең мағыналы қанатты сөздермен жалғасты. Өңірдің жас ақындары жүрек тербетер жырларын оқып, шығармашылық шабытпен бөлісті. №8 гимназия оқушыларының орындауындағы М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» қойылымы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Шара барысында «Қазақстан – Отаным», «Көк бөрі» сынды патриоттық әндер орындалып, «Ару-Наз» би ансамблі «Ерке сылқым» биін билеп, көрермендерді ұлттық өнермен сусындатты. Сонымен қатар оқырмандарға арналған «Ойлан, тап!» және «Сөзжұмбақ» секілді танымдық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталды.
Колледж студенттері белгілі ақындардың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әдебиетке деген құрметтерін көрсетті. Кітапхана қызметкерлері қатысушыларды «Халық ауыз әдебиеті», «Қазақ ағартушылары», «Алаш арыстары», «ҰОС жазушылары», «Балалар әдебиеті» секілді бөлімдерден құралған «Ғасырлар үні – қалам ізі» атты кітап көрмесімен таныстырып, мазмұнды әдеби шолу жасады.
Шара жастардың рухани дамуына, отансүйгіштік қасиеттерін нығайтуға және кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған тағылымды бастама болды.