Мәдениет

Көркем туындылар көпшілікке ой салады

Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Жас оқырмандардың сырлы әлемі» атты «дөңгелек үстел» өтті.

Басқосуға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің оқытушысы, бауыржантанушы Бахтияр Бекназаров және №6 кітапхананың меңгерушісі Айгерім Бекпатшаева арнайы қатысып, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы мазмұнды ойларымен бөлісіп, жастарды кітап оқуға шақырды.

Іс-шара аясында студенттер қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары бойынша әсерлі көріністер көрсетіп, әдеби шығармалардың маңызын көрерменге терең сезіндіре білді. Олардың қатарында Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі мен «Сүйекші» романы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасынан үзінділер қойылды. Сонымен қатар «Жетімдер үні» атты көрініс көрермендерге терең ой салып, ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ, «Кітап – рухани қазына» атты кітап көрмесі, ұлы жазушылардың қанатты сөздері және кітап туралы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Көрмеде ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржандары таныстырылды.

Сымбат ҚУАНЫШ