Қоғам

Тұрғындар қауіпсіздігі сенімді қолда

Өртсөндірушілер мен құтқарушылар күн сайын түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеді. Ал олардың басты мақсаты – өрттермен күресу, адамдарды құтқару және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсету.

Мәселен жуырда Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтерден өрт шығып, қас пен көздің арасында тілсіз жау біраз аумақты шарпып үлгереді. Алайда жедел шақырылған өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу жетіп, ахуалды бақылауға алды.

Өрт туралы алғашқы хабарлама түскен бойда Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты газ-түтіннен қорғау қызметінің арнайы жасақталған жедел тобы оқиға орнына аттанды. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында кіреберіс аумақты қалың түтіннің басуына байланысты тұрғындарды баспалдақ арқылы эвакуациялау мүмкін еместігі анықталды.

Тәжірибелі мамандар жағдайды саралай келе, үш иінді өрт сөндіру баспалдағы арқылы көрші үшінші қабаттағы балконға шығып, арнайы қауіпсіздік құралдарының көмегімен өрт ошағындағы пәтерден әйел адамды сәтті эвакуациялады. Құтқарылған азаматшаға жедел түрде алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Өрт шыққан пәтер иесінің де өмірі мен денсаулығы жіті бақылауға алынып, оған да тиісті көмек ұсынылған. Өртсөндірушілер қызыл жалынның өзге пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Абыроай болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Сонымен қатар құтқарушылар жуырда тағы бір қала тұрғынының өмірін ажалдан арашалап қалды. Оқиға 1969 жылы туған қала тұрғынының пәтерінде болған. Әйел адам денсаулығының күрт нашарлауына байланысты өз үйінде есінен танып, жерге құлап түсіп, қайта тұра алмай қалған. Оның бұл жағдайын алғаш болып көршілері.байқаған.

Бірнеше мәрте қоңырау шалып, есік қағып, пәтер ішінен жауап ала алмаған тұрғындар бірден дабыл қағып, төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару қызметіне хабар берген. Хабарлама түсе салысымен құтқару тобы оқиға орнына жедел жетіп, жағдайды бағамдай отырып, шұғыл әрекетке көшкен.

Құтқарушылар арнайы үш сатылы баспалдақтың көмегімен үшінші қабатта орналасқан пәтердің балконы арқылы ішке енген. Іштен есік ашылып, пәтер ішінде қимылсыз жатқан әйел табылды. Оның өміріне қауіп төнгенін түсінген мамандар дереу алғашқы көмек көрсетіп, жәбірленушіні жедел жәрдем қызметіне тапсырды.

Қазіргі уақытта азаматшаның жағдайы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Құтқару операциясы тез әрі тиімді ұйымдастырылып, тұрғынның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды.

Бұл оқиғалар құтқарушылардың кәсібилігі мен дайындық деңгейінің жоғары екендігінің дәлелі. Олар тек өрт сөндірумен шектелмей, кез келген төтенше жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етуде.

М.ЖАМБЫЛҰЛЫ