Орманды от шалмаса игі...
Облысымызда өрт қаупінің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарланып, дайындық қарқынды жүргізілуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбековтің айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 22 өрт сөндіру бекеті құрылған. Бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан.
Мобильдік топтардың жүйелі жұмысының нәтижесінде құрғақ шөп пен қоқысты өртегені үшін 20 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Әбдіразақов өңірімізде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Сонымен қатар мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдарының бойында 60 аншлаг, 40 панно және 16 билборд орнатылғанын тілге тиек етті.
Тағы да айта кетейік, табиғи өрттердің алдын алу, олардың туындауына жол бермеу және дер кезінде жою мақсатында орман қорларының аумағымен шектескен жерлерде уақытылы өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізіліп, облыстық, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары және темі жол бойларында ені 4 метрден кем емес минералдандырылған жолақтар жырту және оны күту жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ өрт техникасына су алу үшін қолдан жасалған және табиғи су қоймаларына өлшемі 12 х 12 метр болатын алаңшалар (пирс) жасау, шаруашылық объектілерде және елді мекендердегі өрт гидаранттарын жөндеуден өткізіп, жұмысқа жарамды жағдайға келтіру жұмыстары көзделуде.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ