Тарихта аты қалған аяулылар
Ерте дәуірден-ақ ата-бабамыз әйелге аса құрметпен қарап, білім-білігі жетсе ел басқартып, ақылы жетсе дау шештірген. Қажет кезінде батыр аналарымыз бала арқалаудан талған иықтарына қару асынып, бесік тербеткен қолдарына қару ұстап, атқа қонып, жауға қарсы шапқан.
«Түркілер әйелдерді сал-серілердей әдейі қатты құрметтейтін. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан кейін барып әкесіне сәлем берген. Орхон жазуында да ордада апа қарындастары қалып қойып, оларға ажал қаупі төнгенде, Күлтегіннің оларды жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жырланады... Түркілерде анасының шыққан тегіне айырықша мән берілген» деп жазған екен «Көне түріктер» еңбегінде танымал түркітанушы Лев Гумилев.
Тарих беттерінде есімдері алтын әріппен жазылған нәзікжандылар туралы сөз болғанда кешегі қазақ халқының көшбасшы қыздары ойымызға оралады. Осы ретте абыз аналар мен көш бастаған батыр қыздардың тарихтағы ұлы ісін, ақыл-парасатын сөз етуді жөн көрдік.
БОПАЙ ХАНЫМ
Сондай ақылына көркі сай Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханым Адай руынан – батыр Табынайдың үлкен ұлы Сүйіндіктің қызы. Бопай халық арасында Кенесары көтерілісіне катысуды белсенді насихаттаған. Кейін өзінің 6 ұлымен бірге талай жорыққа бірге қатысқан. 600 адамдық жасаққа қолбасшы болған әйгілі ержүрек ана болған.
Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екенін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен.
Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай өзінің ұстанған бағытынан таймайды. Әбілқайыр саясатының жалғасын табуы баласы Нұралының әке орнын басуына байланысты екендігін терең ұғынған Бопай батыл әрі жедел ойлап-пішілген қадамдар жасайды. Орта жүз бен кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана Бопай патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.Неплюевке қисынды өтініш хаттар жолдайды.
Нұралыны «қырғыз-қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы ханым саясатының жеңісі болған. Бопай Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қалайды. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысқан.
Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық екендігін ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өзені бойында қала салдыртуға да үгіттеген. Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітістіруге бағытталған әрекеттері Бопайдың ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келеді.
1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоановнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж.Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. Тарихи құжаттармен жақсы таныс А.И.Левшин ХIХ ғасырдың 30-жылдарында: «Бопай өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті» деп жазған.
ЗАРИНА ПАТШАЙЫМ
Зарина патшайым Тұмардан кейін өмір сүрген сақ әйелдерінің бірі. Б.з.б. IV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басында ел билеген. Зарина патша әулетінен шыққан. Қазіргі Сығанақ қаласы маңында орналасқан көне қалалардың бірінде билеуші болған.
Заринаның ел билеген кезінде сақ мемлекеті Ассирия, парсы елдерімен жылы қарым-қатынаста болған. Сол кезде сақ даласына көз тігіп отырған парсы патшаларын тізе бүктірген. Ал Мидия елінің ханзадасы Стриангиямен достық қатынас орнатқан. Бұл оқиға жайлы Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» атты еңбегінде де кеңінен мәлімет берілген. Т.Жұртбай: «Зарина аң аулап жүріп, жаудың қоршауына түсіп қалады. Қоршауды бұзып шығып қашқанымен, санға тиген оқ ұзаққа шыдатпайды. Жау деп отырғанымыз парсы ханзадасы Стриангия бастаған жасақ болатын. Жалғызға жабылу – дәстүрде жоқ. Салт аттының соңынан әскерін тоқтатып, жалғыз өзі қуған Стриангия Заринаны қуып жетіп, шайқаса бастайды.
Әйелдің басынан дулығасы сыпырылып түсіп, қызбен шайқасып жатқанынан ұялған парсы ханзадасы кешірім сұрайды. Қыздың батылдығына риза болған ханзада оған сөз салады. Бірақ тұрмыс құрған әйел екенін айтқан Зарина ұсыныстан бас тартады.
Алайда Заринаны тағы бір рет көру үшін сақ даласына аяқ басқан Странгия Заринаның жұбайы Мәрмәрдің тұтқынына түсіп қалады. Қарсыласуға қауқары бола тұра, Странгия қарсылық танытпайды. Өзі келіп беріледі. Әрине, бұған Зарина қатты қапаланады. Ақыры күйеуінен ханзаданы босатуын өтінеді. Оған көнбей күйеуі Странгияны өлтіруге ұмтылады. Амалсыз Зарина екі жақты тоқтату үшін оққағарларын жұмсайды.
Осы айқаста Мәрмәр ауыр жарақат алып, қаза табады. Мидиялық ханзада бостандық алады. Бұған қатты толқыған Странгия «екеуіміз де еліміздің амандығы үшін үлкен құрбандыққа бардық. Адал сезіміздің белгісі ретінде патшалығымызды біріктірейік. Қосылайық!» деп ұсыныс тастайды.
Зарина: «Мен сені ғана ұнатамын. Бірақ әйелің бола алмаймын. Екеуміз қосылсақ, сен хан боласың, мен ханым боламын. Есесіне елім де саған бағынышты болады. Мен бақытты болғаныммен, елім тәуелсіздігінен айырылып, бақытсыз болады. Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ» деп өз байламын айтады. Ханзада да мұңға батып, өз еліне қайтады. Есесіне екі ел ұзақ уақыт бойы тыныштықта өмір сүреді. Осылайша, Зарина патшайым өзінің бақытын елінің бақыты үшін құрбандыққа шала білді» дейді Т.Жұртбай.
АЙҒАНЫМ ХАНЫМ
Айғаным хан тұқымынан емес, қарапайым отбасынан шыққан. Абылайдың ұрпағы әрі орта жүздің ханы Уәлидің жары, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Әкесі Сарғалдақ Құдайберді ұстаз, молда болса, атасы Мәлік-қожа көзі ашық, оқыған адам болған. Айғаным жастайынан білімді, зерек болып өседі.
Ақылына көркі сай бойжеткен қыз ханға бірден ұнаған көрінеді. Есілдің маңындағы Сырымбет тауына көшіп келіп, Айғанымды төртінші әйелі етіп алады. Уәлимен 17 жыл отасқан Айғаным оннан аса құрсақ көтерген. Оның ішінде Шоқанның әкесі Шыңғыс төре де бар. Он бала дүниеге әкелсе де, ерімен бірге ел басқару ісінінен тыс қалған емес. Керісінше ел басқаруға көмектесіп, биліктің басы-қасында жүреді.
Уәли хан 1819 жылы дүниеден өткеннен кейін 35 жастағы Айғаным ханымды Ресей патшасы орта жүзге хан етіп тағайындайды. Қазақта билік айтқан əйел аз болмағанымен, хан атанып, таққа отырғаны жоқ еді. Сондықтан қараша халық Айғанымды хан деп қабылдамады. Соған қарамастан билікке келіп, көрегендік танытып, ағайын-жұртты алыстырмай тату өмірге үгіттеп, көрші орыспен достық қарым-қатынаста болуға ұмтылды.
Айғаным төртінші ұлы Шыңғысты Омбы училищесіне оқуға жібереді. Оның ұлы Шоқанды да өз тәрбиесіне алып, баба дәстүрін сіңіріп, кейін Сібір кадет корпусына білім алуға аттандырады. Мұның бәрі Айғанымның орыс саясатын түсіну үшін жасаған әрекеттері еді.
Айғаным орыс патшасымен алыс-беріс жасап, жақын жүргенімен, оның айтқанын орындап, айдағанына көнген емес. Қажет кезде талап қойып, соны орындата алған деседі. Әсіресе, казак-орыс мұжықтарының қазақ жеріне келуіне қарсы болған. Жасы елуге таянғанда билікті аға сұлтан болған сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, елдің тілеуқоры болып, Айғаным тікелей ұрпақ тəрбиесімен айналысады.
ФАТИМА ХАНЫМ
Бөкей Ордасының ханы, Әбілқайыр ханның немересі Жәңгірдің жары. Ұлты – татар. Орынбор қаласының бас муфтиі әрі саудагер Хусейіннің қызы. Фатиманы Жәңгір хан 1824 жылы Орынборға барған кезінде байқаған. Сол жылы күзде Жәңгір хан татар әулетіне құда түсіп, қалада өскен Фатиманы өз еліне алып кетеді.
Басында көшпелі тұрмыстың көшіне ілесе алмай біраз қиналған татар қызы кейін қым-қуыт тірлікке бірте-бірте үйреніп, Жәңгірдің өзін өркениетке ұмтылуға үндеген. Жәңгір де орыс, араб-парсы тілдерін білетін өте дарынды адам болған. Фатима табиғатынан инабатты, тәрбиелі, ілтипаты зор, қылықты әйел болған.
І Николай патшаның таққа отыру салтанатына Жәңгір хан шақырылып, шараға Жәңгір Фатиманы да ертіп апарады. Сонда бүкіл сарай шенеуніктері Фатиманың сұлулығы мен қылығына, ақылдылығы мен ибалылығына тамсанған деседі. Жастайынан би мен музыкаға жақын жүрген Фатима орыс патшасымен бірге би билеп, жұртты таңқалдырған екен.
Жәңгір ханның Жасқұс деген жерде хан сарайын салып, қала соққаны да Фатима ханымның қамы екен. Даланың тұрмысына толық үйренісе алмаған ханша үшін Жәңгірге қала салуға тура келген. Ал Фатиманың өзі де балаларына заманның білімін беру үшін жастайынан оқытып, орыстың ілімін берген. Махамбет ақынды балаларының тәлімгері етіп алған да Фатима деседі. Өйткені өжет те өткір, жалтақтығы жоқ ақын ханымға бірден ұнаса керек.
Махамбет пен Жәңгірдің алғаш достығына да Фатима себепші болған. Алайда ханға ренжіген Махамбет ат құйрығын кесісіп, сарайдан кетіп қалады. 1845 жылдың тамызында Жəңгір хан 44 жасында аяқ астынан ауырып, қайтыс болды. Ерінің қазасын көтере алмаған адал жар, шынайы махаббат иесі Фатима ханым 36-ға қараған шағында сол жылдың қазан айында өмірден озады.
СҮЗГЕ СҰЛУ
Сүзге сұлу – Сібір ханы Көшімнің төртінші әйелі. Қазақ даласында дүниеге келіп, кейін Сібірге ұзатылған сұлу үш құрсақ көтерген. Үшеуі де ұл. Атасы арғыннан шыққан Мейрам сопы Қасым ханның кеңесшісі болған. Даналығымен, батырлығымен, тектілігімен ерекшеленген жан.
Сібір хандығының астанасы Сүзге-Тура деген қала болған. Бұл қала осы Сүзге сұлудың құрметіне салынған деседі. Сүзгенің тұрағы деген мағынаны береді. Хан сарайындағы ақындар мен әншiлер Сүзгенiң ақылдылығын, сұлулығын, адамгершiлiгiн, батылдығын аса жоғары бағалаған.
Сүзге ханым туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Бір аңыз бойынша Сүзге ханым Көшім хандығы құлаған кезде бір ай бойы Сүзге-Тураны жауға бермей бекініп жатқан деседі. Аз ғана әскермен қалған ханым бастан-аяқ қаруланған казактармен кескілескен ұрыс жасап, ерлік рух танытқан деседі. Соңында аз халықты құтқарып шыққанымен, өзі жау қолынан қаза табады.
Сүзге ханымның бұл ерлігі Алаш даласына аңыз болып тарап, кейін орыс жазушыларының да назарына түседі. 1896 жылы осы дастанның желiсiмен композитор И.Корнилов «Сүзге» операсын жазады.
МӘНШҮК МӘМЕТОВА
Мәншүк Мәметоваға ата-анасының азан шақырып қойған есімі Мәнсия болған. Анасы бала күнінде еркелетіп «Моншағым» деп атаған. Мәнсияның өз атын айтуға тілі келмей өзін «Мәншүк» деп кетеді. Құжат алар кезде де өз есімін «Мәншүк» деп жаздырады.
1927 жылы Саратов қаласынан Мәншүктің ауылына оның туыстары – Ахмет пен Әмина Мәметовтер келеді. Мәншүктің туысқан ағасы Қанат оларды қонақ қылып, осы отырысқа Жиенғали мен Тойшылшаны да шақырады. Ұзақ уақыт перзент сүйе алмай жүрген Ахмет пен Әмина ата-анасына еріп келген бүлдіршінді бірден жақсы көріп қалады. Алыстан ат терлетіп келген ерлі-зайыптыны Мәншүктің ата-анасы да үйіне шақырып, қонақ қылады. Осы кезде ерлі-зайыпты үй иелеріне күтпеген өтініш жасап, Мәншүкті асырап алғылары келетіндерін айтады.
Мәншүктің ата-анасы бұл өтінішті қабылдап, қыздарының қалалық жерде оқып, білімді азаматтардың қолында тәрбиеленуін жөн көреді. Үш жасар қызды асырап алған Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер. Кейін Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмады.
1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Бұл қайғылы оқиға моншақтай қыздың жүрегінде өшпес жара қалдырады. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі.
Мәншүк соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді. Жесір әйелден барша дос-жараны теріс бұрылып, Әминаның мінезі жаман жаққа өзгереді. Тұрмыстары қатты нашарлап кеткендіктен, Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмыс істейді.
Соғыс басталған жылы Мәншүк анасы Әминаның үйін тастап, жатақханаға көшеді. Небәрі 18 жастағы Мәншүктің жоспарларының бәрі кейінге шегеріледі. Бойжеткен әкесінің атылып кеткенін білмей, Кеңес үкіметін қорғап, айдаудағы жақын адамын құтқару үшін майданға аттанады. Себебі, ол кезде қоғамда «халық жауының» балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі» деген сөз тарады. Осы сөз құлағына тигелі Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазады.
«Мен, Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, сізден ағаларыммен және апаларыммен бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді. Өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын» деп жазады қайсар қыз өз өтінішінде.
Мәншүк 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады.
Батыр қыз 1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін барын салып шайқасты. Осы кезде оған медициналық институттағы бір жылдық білімі көп көмектесті. Кейін құрамында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцевоны қорғауға аттанды. Ауыл төрт мәрте қолдан-қолға өткендіктен, шайқас тартысты болды. Осы кезде қазақ қызы жауға қарсы пулеметтен оқ жаудырды. Көптеген сарбазынан айырылған неміс әскері кейін шегінуге мәжбүр болды.
Көп ұзамай пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алады. Осы батальон 1943 жылдың күз айында Изоча стансасын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды.
М.Мәметова 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты.
ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА
Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. 7 жасында анасынан айырылып, нағашы ағасы Әубәкірдің шаңырағында тәрбиеленеді. 1935 жылы ағасы Әскери-көлік академиясына оқуға түсіп, кішкентай Әлияны отбасымен бірге алып кетеді. Ағасымен бірге кішкентай Әлия еліміздің бірнеше қаласында болып, 14 жасынан Ленинградтың Охта ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград қоршауда қалады. Әлия өзімен қатарлас оқушылармен бірге Невадағы қала төңірегіндегі қорғаныс бекіністерін салуға қатысады. Ол аянбай жұмыс істеп қана қоймай, басқаларды қолдап, жігерлендіреді. Қайсар мінезі үшін 1941 жылдың қарашасында Әлия Молдағұлова сол кезеңдегі жетекші жастар ұйымы – комсомол қатарына қабылданады.
1942 жылғы наурыз айында балалар үйі Ярославь облысына көшіріліп, Әлия мектепті сонда бітіреді. Ол сол жылы Рыбинск авиациялық техникумына қабылданып, онда 3 ай оқиды. Әлия оқып жүргенде майданға бірнеше рет сұранады, бірақ өтініші қабылданбайды. 25 қазанда Әлия 17 жасқа толып, тура бір айдан кейін «майданға аттануына байланысты» деген негіздемемен техникумнан шығарылады.
Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно теміржолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова «Жауынгерлер, алға!» деген ұранмен алға ұмтылады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас жау бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойы жалғасқан ұрыста Әлия үш рет жаудың шабуылына тойтарыс береді.
Минаның жарықшақтарынан қолы жараланғанымен, ол немістердің орында қоян-қолтық ұрысады. Қазақтың батыр қызы осы жерде өмірін қиған екінші жарақатын алса да, фашист офицерін жер жастандырып үлгереді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен көз жұмған Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұловаға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Әлия Молдағұлова деп көрсетіліп жүрген қысқа шашты қараторы сұлудың суретін музейлерде, пошта маркаларында және тіпті «Мәңгілік даңқы» шеруінде кездестіруге болады. Алайда бұл фотода Кеңес Одағының Батыры емес, қырғызстандық актриса Айтұрған Темірова бейнеленген деген пікір бар. Ол «Мергендер» фильмінде ержүрек қазақ қызының рөлін шебер ойнаған болатын.
«Әлия Молдағұлова екеуміз бір-бірімізге қатты ұқсаймыз, сондықтан суреттегі мен бе, Әлия ма, 100 пайыз дөп басып айта алмаймын. Дегенмен оның сирек кездесетін фотосуреттерін көрсеткен кезде қатты таңғалғаным есімде. «Әскери киіммен қашан суретке түсіп едім?» деп ойланып қалдым. Көптеген жыл өтті, сондықтан бізді енді ешкім айыра алмайтын сияқты», депті актриса тілшілерге берген сұхбатында.
Мақалада сөз етілген өжет арулар түрлі тағдыр тауқыметін тартып, сан алуан қиындық көрсе де мойымай, елі мен жерін қорғау үшін суық қару асынып, майдан даласына аттанды. Толарсақтан саз кешіп, қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткере тұрып мойымады. Олар сонысымен биік, сонысымен аяулы.
Ел есінде есімдері алтын әріппен ойып жазылғандардың ішінде тіпті өз бақытынан бас тартып, босаға аттамаған, құрсақ көтеріп, сәби сүймеген күйі он екіде бір гүлі ашылмай жатып, Отан үшін отқа түсіп мерт болған қызғалдақтар жетерлік. Кейінгі ұрпақ осындай жаужүрек аяулы жандардың алға ұмтылған өр мінезін құрмет тұтып, оққа ұшқан жас жандарын асқан ілтипатпен еске алып, бір-біріне насихаттап жүруі тиіс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ