Тараз қаласындағы Мамыр саябағында экологиялық акция өтті
21 сәуір күні Жамбыл облысында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Тараз қаласының тұрғындары Мамыр саябағында сенбілікке шықты,деп хабарлайды arainfo.kz
Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны тазарту ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарауға шақыру.
Сенбілік барысында саябақ аумағы тазартылып, қураған, кесілген ағаштар мен түрлі тұрмыстық қоқыстар жиналды. Сонымен қатар, тазартылған аумаққа жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл шараға еріктілер, жастар ұйымдары, мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары белсене қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» – тек тазалық шарасы ғана емес, маңызды экологиялық бастама. «Бұл – табиғатқа деген сүйіспеншілік пен болашақ ұрпаққа таза орта қалдыру жолындағы жауапкершілікті арттыратын жоба. Қоршаған ортаға жанашыр болу – әр азаматтың борышы», – деді ол.
Айта кетейік, көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жер сағаты» сынды түрлі акциялар да қатар жүргізілуде.
Мамыр саябағындағы жұмыстар – осы үлкен бастаманың бір бөлшегі ғана. Мұндай іс-шаралар арқылы тұрғындар тек табиғатқа ғана емес, өз қаласына, туған өлкесіне деген жанашырлығын көрсетіп отыр.