Жаңалықтар

Жүн мен тері қымбаттауы мүмкін

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары ауыл тұрғындары үшін төрт түліктің терісі мен жүні де табыс көзіне айналғаны белгілі. Шаруа тұрмақ, қарапайым ауыл тұрғынының өзі сойған бір-екі малының терісін жолы түссе қалаға ала келіп, бала-шағасына аз да болса азық-түлік ала баратын. Ол тұста Түркия мен Қытайдан келген алыпсатарлар қазақтың малының жүні мен терісін жоғары бағалаған еді. Сол кезде ел ішінде ешкісін жүніне бола сойып жеуге қимай, бетіне қарап отырғандар да кездесті. Жылқы, мүйізді ірі қара, уақ мал, оның ішінде Меринос қойдың жүні мен терісі шетелдік нарық сұранысының арқасында ауыл мен қала арасындағы тері таситын азды-көпті қазақты байытқаны рас.

Тоқыраудың биік шыңы саналатын 1998-2000 жылдары Тараз қаласының әр бұрышында шетелдік алымсақтарға тері дайындайтын бірқатар қоймалар қарқынды жұмыс істеп, сол кездің өзінде қаракөл мен қазақы қойдың терісі 1080 теңгеге дейін барған болатын. Алайда, уақыт өте келе жағдай күрт өзгерді. Жүн мен теріге деген сұраныс төмендеп, оны өткізу шаруа үшін мұңға айналды. Ел малының жүн-терісін далаға лақтырып, жұрттың аузында «малдың терісін ит, жүнін бит жеп жатыр» деген сөз қалды. Бұл расында да шындық еді.

Үкімет басындағылар жүн мен тері экспортына кедендік баж салығын енгізгенде «осы арқылы салықтық түсімді арттырамыз, шикізатты ішкі нарықта сақтап қаламыз» деп ойласа керек. Бірақ бұл саясат ішкі нарықты қорғамақ тұрмақ, шаруалар үшін жағдайды қиындата түсті. Себебі елімізде жүн-теріні кешенді түрде өңдейтін зауыт, фабрикалар әлі күнге дейін жоқ. Мысалы өзіміздің Тараз қаласындағы бұрынғы былғары өңдейтін зауыт (Кожкомбинат) тоқырау жылдары жабылып қалып, кейін қайта ашылғанымен ол тек жүн-жұрқа жуу сияқты шаруалармен ғана айналысқаны көпке белгілі. Жүн мен теріден сапалы тауар жасап, оны нарыққа шығаратын кешенді жүйе әлі күнге дейін елімізде жолға қойылмағандықтан, жағдай осындай болды.

Егер елімізде жүн-жұрқа, тері-терсек өңдейтін зауыттар ырғақты жұмыс істеп, одан аяқ киім, киім, былғарыдан жасалған түрлі бұйым тігіліп, ол нарыққа шығарылып жатқанда шынында да кедендік баж салығының арқасында шетелге арзан шикізат кетпей, отандық зауыттарға көбірек өнім қалар еді. Осындайда «Егер Үкімет қандайда бір өнімді елімізде арзандатқысы келсе, сыртқа шығатын сондай тауарға неге осындай кедендік баж салығын аямай салу арқылы жағдайды түземейді?» деген ойға қалады екенсің.

Біздің айтпағымыз, «Малдың жүні мен терісіне салынатын кедендік баж салығы алынып тасталды» деген хабарды естігенде көкейімізде «Енді тері мен жүнннің бағасы өседі, қолында бес-он тұяқ малы болса да ауыл тұрғындары мен фермерлерге мұның пайдасы тиеді» деген үміттің жылт еткені. Осы ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан жағымды хабарды шаруалар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Онда: «2025 жылғы 16 сәуірдегі Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ауылшаруашылық жануарларының терісі мен жүнін экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау мақұлданды. Бұл жеңілдік үш жыл мерзімге енгізіліп, кейін қайта қарау мүмкіндігі сақталады.

Шешімнің басты себебі – өндірілетін шикізаттың едәуір бөлігі ішкі нарықта сұранысқа ие емес. Атап айтқанда, тері мен жүнді өңдеу және экспорттау әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді ынталандыру және өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында өңдеуге өткізілген шикізатқа субсидия беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр.

Тері мен жүнге салынатын экспорттық баж салығын алып тастау, ең алдымен, ірі және ұсақ мал өсіретін фермерлердің шығындары мен қалдықтарды жоюға жұмсалатын шығыстарды азайтуға, өндірістік-бөлу тізбектерін дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге, сондай-ақ ауылшаруашылық шикізатын өндіруші және экспорттаушы отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 27 ақпандағы бұйрығына сәйкес, қолданыстағы экспорттық баж салығының мөлшері мынадай:

  • ірі және ұсақ мал терілері мен басқа да өңделмеген терілердің экспортына – тоннасына 200 еуро;
  • жүн экспортына – 10 пайыз, бірақ тоннасына кемінде 50 еуро.

Ішкі нарық қажеттілігі мен тері-жүн экспорты арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырады және қажет болған жағдайда өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды ескере отырып, тиісті шараларды жедел түрде қабылдайды», делінген.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ