Өсімдікті қорғау ісі де өзекті
Қара жерге маңдайының терін төгіп, дән сеуіп, күн ұзаққа иығынан кетпенін тастамай, оны күтіп-баптаумен диқанның жұмысы бітпейді. Жайқалған егісті зиянкестер немесе түрлі өсімдік ауруы бір-ақ күнде рәсуә етіп, еңбекті зая кетіруі мүмкін.
Ауылда жүргенде арпа-бидай мен жүгеріге күйе түсіп, одан қалса шегірткенің шабындыққа дейін отап тастағанын талай көргенбіз. Одан қалса кез келген өскіннің жауы құрт-құмырсқадан бөлек арамшөп екенін кез келген адам жақсы біледі. Сондықтан да шаруалар егін егерде агротехникалық шараларды аса мұқият атқаруға тырысады. Бұл тұрғыда жерді уақтылы өңдеу, зиянкес жәндік пен ауруға, арамшөпке қарсы үздіксіз күрес жүргізу маңызды шаруа.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының міндеті-өңірдің ауылшаруашылық саласындағы заңнамалардың орындалуын бақылау және агроөнеркәсіптік кешеннің қауіпсіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету. Осы ретте аталған инспекция өсімдіктер мен жануарлар өнімдерінің фитосанитарлық және ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады. Бұл бағытта мекеме мамандары зиянкестермен, өсімдік ауруларымен және карантиндік объектілермен күрес шараларын ұйымдастырады. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау және ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында фитосанитарлық бақылау жүргізеді.
Аталған облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Сәбит Жүсіповтің айтуынша, біздің облыстың жалпы жер көлемі 14,426 миллион гектарды құраса, ауылшаруашылық жер көлемі – 4 297 972 гектар. Оның ішінде егістік жері – 757 255 гектар, ал жайылым, шабындық және басқа да жерлер 3540717 гектарды алып жатыр. Бұл еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан облыстың құрамында 155 ауылдық округі бар 10 ауданға қатысты әңгіме. Облыс көлемінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарында министрлікке тиесілі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің филиалдары жұмыс істейді. Олар ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге уақтылы ерекше қауіпті зиянды және зиянды организмдердің зияндылығын бағдарлап және дамып таралуын болжамдап отырады. Сонымен қатар химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуін қадағалап, басқа да тиісті шаруалардың атқарылуын ұйымдастырады.
– Облыс аумағында 18 200-ден аса агроқұрылым мен шаруа қожалық тіркелген. Тұрақты 38 стационарлық шаруашылықтарда және одан бөлек, барлық ауылшаруашылық тағайымдарында (ауылшаруашылық мақсатындағы басқа да жерлер) 81 зиянкес, 75 өсімдік ауруы, 108 арамшөп түрлерінің дамып таралуына тексеру жұмыстары жүргізіледі. Ауылшаруашылық дақылдарында кездесетін барлық зиянкестердің фенологиясы бақыланып, зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес өнім өндірушілерге, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық, аудандық аумақтық инспекцияларына, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына, ауылдық округ әкімдіктеріне дабылдық хабарлама таратылды.
Біздің инспекторлар сеніп тапсырылған аумақта өсімдіктерді қорғау саласындағы заңдар мен ережелердің сақталуына және өсімдік қорғау жөніндегі фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық іс-шаралардың орындалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Әулиеата өңірінде қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету үшін жылда мониторингтік тексеру жұмыстары 5 907,940 гектар көлемінде жүргізіледі. Оның ішінде ерекше қауіпті зиянды организмдерге –
Аса қауіпті организмдерден басқа да тіркелген зиянкестер бар. Мысалы, саяқ шегірткелердің шамамен 20 түрі (кездесетін түрлері: ақжолақты саяқ шегіртке, атбасарлық саяқ шегіртке, сібір саяқ шегірткесі, травян Фишері) кездесетіні олардың жаппай таралған кезінде белгілі болған және бидай трипсі де зиянкестер қатарына жатқызылған. Осы зиянды организмдер бойынша да экономикалық зияндылық шегінен асқан жағдайда, оның таралуын алдын алу мақсатында аумақтық инспекторлар тарапынан ескерту, нұсқама беру негізінде агротехникалық, химиялық, механикалық өңдеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Облыс бойынша ерекше қауіптілер қатарына енетін үйірлі шегірткелерге өткен жылы 131 185 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізілуге болжам жасалған. Оның ішінде Марокко шегірткесіне қарсы – 9755 гектар, итальяндық прусқа – 96 020 гектар, азиялық шегірткеге қарсы 25 410 гектарға химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді.
Өңірде қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында былтыр ерекше қауіпті зиянды организмдерге мониторингтік тексеру жұмыстары 2 720 000 гектар жер көлемінде жүргізілді. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы – 2 315 000 гектар, басқа да ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы 405 000 гектар қамтылды, – дейді Сәбит Заирұлы.
Былтыр үйірлі шегірткелерге қарсы 37 арнайы бүріккіш техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде 4 әуе ұшағы, 33 жерүсті бүріккіші пайдаланылған. Марокко шегірткесіне қарсы 9755 гектар алқапқа жер үсті бүріккіш техникаларымен фитосанитарлық іс-шаралар жүргізілген. Итальяндық прус шегірткесіне қарсы 96 020 гектар, оның ішінде 56 020 гектар жер үсті бүріккіштерімен, 40 000 гектар алқап әуе ұшақ тәсілімен өңделген. Ал азиялық шегірткеге қарсы барлығы 25 410 гектарға, оның ішінде 1 010 гектарға жер үсті бүріккіштерімен, 24 400 гектар алқапқа әуе ұшақ тәсілімен өңдеу жұмысы жүргізіліпті.
2024 жылы итальяндық прус шегірткесінің дернәсілдері жер бетін жайлауына қарсы жүргізілген жүйелі бақылау жұмыстары барысында 24 сәуірде Жамбыл ауданы, Ерназар ауылдық окруігі дернәсілдерінің алғашқы тууы тіркелді. Дернәсілдердің туу уақыты ұзаққа созылды. Химиялық өңдеу жұмыстарын жауапты мердігер ретінде «Бағжан» жеке кәсіпкерлігі 25, «Защита-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13 техникамен жүргізді. Сонымен қатар «Dap Aeroservise Group» компаниясының 2 жеңіл ұшағы іске жұмылдырылды. Барлығы 96 020 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары 25 жер үсті техникасымен және 2 ұшақпен жүргізілді. Химиялық өңдеу жұмыстарына жұмсалған инсектицидтердің биологиялық тиімділігі 90 пайызды көрсетті.
Өткен жылы азиялық шегіртке дернәсілдерінің қоныстануына мониторингтік тексеру жұмыстары мамыр айының соңында басталып, межелі уақытқа дейін тиісті жұмыс атқарылды. Дернәсілдердің тууына жүргізілген жүйелі бақылау жұмыстары барысында алғашқы туу 23 мамырда Мойынқұм ауданында тіркелді. Сол жылдың 17 маусымында химиялық өңдеу жұмыстары басталып, 22 шілдеде аяқталды. Барлығы 25 410 гектар алқап толық химиялық өңдеуден өтті. Химиялық өңдеу жұмыстарына жұмсалған инсектицидтердің биологиялық тиімділігі 87-90 пайыз болды.
Облыс әкімдігінің қаражаты есебінен саяқ шегірткелерге қарсы 9 585 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге болжам жасалды. Барлығы 50 000 гектар алқап тексеріліп, 9 585 гектарта экономикалық зияндылық шегі анықталды. Өңдеу жұмыстары 2024 жылдың 22 мамырында басталып, жоспарланған барлық алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары толығымен жүргізілді.
Басқа да аса қауіпті организмдерге, яғни зиянды бақашыққа қарсы 3700 гектар, септориозға қарсы 4600 гектар, Колорадо қоңызына қарсы 30 гектарға химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарланды. Экономикалық зияндылық шегінен асқан көлемдеріне химиялық өңдеу шараларын жүргізу үшін фитосанитарлық объектілердің иелеріне тиісті ұсыным берілді, – дейді аталған бөлім басшысы.
Септориоз және тат ауруы туралы былтыр 25, зиянды бақашық қандаласы бойынша 13, Колорадо қоңызы бойынша 2 ескертпе хаттар тиісті тарапқа жолданған екен. Тат және септориоз аурулары мен зиянды бақашық қандаласы бойынша 8 ұсыным берілген.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық инспекциясы тарапынан міндетті жеке және заңды тұлғаларға фитосанитарлық есептілікті тапсыру қажеттілігі жөнінде 306 ескертпе, 276 хабарлама берілген. Барлық аудандарда агрооқу сабақтары жүргізіліпті. Атап айтар болсақ, 125 ауылдық округте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оған 3126 адам қатысқан.
Өсімдік қорғау саласы бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барлығы 3 мақала жарияланыпты. Инспекцияның Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларына 88 пост орналастырылған екен. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау арқылы бұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу, әкімшілік жүктемені азайту мақсатында 16 ұсыным беріліпті.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының аумағында қоршаған ортаны ластауға әкеп соққан пестицидтерден босаған ыдыстар бойынша кінәлілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 377 бабының 1 тармағы негізінде 184 600 теңге айыппұл салыныпты.
Шегірткетектес зиянкестерге қарсы осы жылға жүйелі жоспар жасалыпты. Биыл ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу іс-шараларын сапалы және тиянақты атқару мақсатында аудан әкімдеріне хат жолданған. Осы арқылы аудандарға үйірлі шегірткелерге қарсы штаб құру және химиялық өңдеу жұмыстары кезінде әр ауылдық округтерде жұмыс тобын қалыптастыру, инспекция мамандарымен бірігіп жұмыс жасау керектігі жөнінде ескертілген. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитарлық шараларды үйлестіру мақсатында осы жылға облыстық штаб құруға қатысты тиісті өкім шығыпты.
Биыл үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитарлық іс-шараларды жүргізу үшін 33 арнайы бүріккіш техника жұмылдыру жоспарланып отыр. Оның 31-і жерүсті бүріккіштері болса, қалғаны әуе ұшағы. Барлық болжамдалған алқаптарға қолданылатын пестицидтер конкурсты ұтып алған мердігерлердің өздерінің тараптарынан сатып алуы арқылы қолданылады.
Осы жылғы Марокко дернәсілдерінің алғашқы тууы сәуір айының екінші онкүндігіне дөп келеді деп жоспарланған болатын. Қызмет көрсетуші «ЗапКазФумигация» компаниясы і 31 жерүсті өңдеу техникасымен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер жеңімпазы ретінде анықталды. Жоғарыда сөз еткеніміздей, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының филиалдары он ауданда орналасқан. Онда штаттық кестеге сәйкес мамандар толығымен қамтылған. Облыстық және аудандардағы филиалдарда 51 маман бар. Маусымдық анықтау жұмыстарына 32 адам өз көліктерімен уақытша анықтаушы ретінде қосымша келісімшартпен жұмысқа алынған.
Науқан барысында жергілікті атқарушы органдардан арнайы адам бөлінеді. Олардың зерттеу жұмыстарына шығуына округ мамандары мен қоғамдық жұмысшылар жауапты болады. Арнайы мамандарға жол бастайтын осындай адамдар саны 309-ды құрап отыр. Аудандардағы ауылдық округтердегі үйірлі шегірткелердің күбіршектері орналасқан жерлердің жұмыс карталары Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мен инспекция мамандарында бар.
Алдағы уақытта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін жерлердегі шаруа қожалық иелеріне және бал араларын бағушыларға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін кезеңдерде төрт түлігін басқа жайылымдарға, бал ара үйшіктерін қауіпсіз жерлерге ауыстыру туралы ескертпе хаттардың уақтылы берілуін қамтамасыз етілуі инспекторларға ескертілді. Жергілікті қаражат есебінен саяқ шегірткелерге қарсы 20 143 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге ұйғарым жасалды. Оның ішінде ауылшаруашылық құрылымдарының жерлері 9228 гектар болса, мемлекеттік жер қоры – 10 915 гектар. Осы алқаптарға химиялық өңдеу жұмыстарын межелі уақытта аяқтау басты назарда.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдедегі №331 «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының талаптарына сай улы химикаттардың пайдаланылуын бақылау- аса жауапты іс. Осы орайда аса қауіпті зиянды организмдермен қарсы күрес шараларын аудан көлемінде фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауылдық округ әкімдеріне арнайы хат жолданған. Сондықтан ауылдық округ әкімдері химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенен кейін босаған улы химикаттардың, пестицидтердің ыдыстары далада шашылып, қараусыз қалмауын қатаң бақылауда ұстауы қажет. Егер өрескел заңбұзушылық орын алған жағдайда олар инспекцияға хабарлауға міндетті. Пестицидтерді қолдану барысында қойылатын қауіпсіздік талаптары және жарамсыз болған улы химикаттар мен олардан босаған ыдыстарды кәдеге жаратпау жөнінде инспекция тарапынан ескертпе хаттар берілгенін есте ұстауы тиіс.
Бір айта кетер жайт, осы жылдың басынан бері белгілі бір ауылдық округ әкімдігі аппараттарының арыз-шағымы негізінде пестицидтерді, улы химикаттарды және басқа да препараттарды заңсыз тасымалдағаны, оны сақтағаны және қолданғаны үшін бір шаруа қожалыққа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 377 бабы 1 тармағымен 49 150 теңге айыппұл салыныпты. Сондықтан мұндай химиялық улы заттарды сақтаудың, тасымалдаудың, тіпті ыдысын пайдалануға әрекет етудің соңы әуре-сарсаңға салатынын әр адам біліп жүруі қажет деп ойлаймыз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ