Жаңалықтар

7 жыл бойы алимент төлемеген ана

Облыс прокуратурасы әлеуметтік маңызды санатқа жататын атқарушылық құжаттар бойынша алиментті өндіру шараларын белсенді түрде жүргізуде.

Жыл басында Шу ауданы прокуратурасының бастамасымен полиция бөлімі 5 баланың анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдан бастап 1,4 миллион теңгеге берешек жинақталған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның алимент төлеуге мүмкіндігі болғандығы, алайда төлеу үшін қажетті шаралар қолданбағаны анықталды.

Сондай-ақ, борышкердің меншігінде үйі және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімі бар екені анықталды. Тараптардың өзара келісімі бойынша аталған үй алимент берешегін өтеу есебіне берілді.

Қол жеткізілген медиативтік келісімге сәйкес борышкер алиментті тұрақты түрде төлеуге міндеттенді.

2025 жылдың 11 наурыз күні тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Алайда бұл ақталатын негіз болып табылмайды.

Қабылданған шаралар алимент бойынша берешектің толық өтелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ