Жаратқанның жазмышына қарсы шықпайық!
Ислам дінінде суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнәға жатады. Өйткені адамдардың өзін-өзі өлтіруі шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең екен. Алла Тағала былай дейді: «...өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» («Ниса», 29, 30).
Әрбір адам бала кезінен алдына мақсат-міндет қойып, өмірінің басты мән-мағынасын айқындап алуы үшін болашаққа жоспар құрып, соған жету жолында ар-ожданымен үйлесімге ұмтылуы маңызды. Яғни, жас адамның бірден дұрыс жолды таңдауы оның өмірге деген көзқарасы, өз өмірінің толықққанды қожасы болуға деген тілегімен, өз тағдырын өзі жасауға тырысуымен астасып жатыр. Ал, мұның бәрі оның өмірдегі қандай құндылықтарды таңдап алуына келіп тіреледі. Әлеуметтанушы-ғалымдар суицид жасау қаупінің өсу деңгейіне өмірлік құндылықтар мен әлеуметтік жағдай едәуір ықпал етеді деп есептейді.
Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себебі адамның өмірдің мәнін жоғалтуына байланысты деп санайды. Жандүниесі құлазып, кеудесі бос қалғандай қаңырап қалған адам үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі.
Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет. «Өзін-өзі өлтіру жөнінде шын ойлап жүрген адам өзінің осындай ойы туралы қайткенде де айналасындағы адамдарға әйтеуір бір белгі береді» дейді ғалымдар,
Суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни, ушығып тұрған жағдайдың күндердің күнінде шектен шығары сөзсіз. Суицид жасағандардың 70 пайызы өз мақсаттарын қандай да бір түрде білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса, ештеңеге мән бермей, қызығушылығы жоғалады. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі.
Жалпы суицидті дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажеттігі сөзсіз. Осы тұрғыда «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры суицидтің алдын алу бағытында оқушылар мен студенттер арасында сауалнама жүргізді. Сауалнаманың мақсаты – жастардың өмірге көзқарасы, айналасымен қарым-қатынасы, бос уақыттарын қалай өткізетіні жайлы ақпарат алу арқылы осы ортадағы әлеуметтік ахуал жөнінде тұжырым жасау, оған назар аудару. Сауалнамаға қатысушылардың негізгі жасы – 15-25 жас. Сонда сауалнамаға қатысқан жастардың 65 пайызы бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізетінін айтқан. Бұл күнделікті қарым-қатынасты әлеуметтік желілер алмастырады деген сөз. Жастардың көпшілігі негізінен ата-анасының қамқорлығындағы жаста екенін ескерсек, бос уақытты өткізудің мұндай формасы мінез-құлықтың барлық түрінен, көзқарастарынан, ұстанымдарынан көрініс табады. Осыдан барып ата-анамен қарым-қатынас күрделенеді десек қателеспейміз. Ал демалыс күндері теледидар көретіндер – 15 пайыз. Кітап оқитындардың 13 пайызды құрағанына қарап осының өзіне қуану керек сияқты. Бірақ, спортпен айналысатындар өкінішке қарай тым аз болып шықты. 7 пайыз ғана. Жастар ерекше қабылдағыш, әсерленгіш және жоғары әлеуметтік тұрғыда жылдам бейімделгіш болғандықтан, жаңа құндылықтардың пайда болуы мен бұрыңғыларынан бас тартуы қоғамның басқа таптарына қарағанда бұл өтпелі әлеуметтік топқа қатты әсер етеді.
«Суицидке барудың себебі неде?» дегенге келсек, оның ішінде эмоциялық күйзелістер, отбасы проблемалары, қаржы тапшылығы және тағы сол секілді себептер бар екені анық. Сонымен бірге, өзін-өзі өлтіру – психикалық аурудың нәтижесі деп есептеу де негізсіз емес.
Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ. Ал, өз өмірін қиюға барудың ойластырған адамның басына ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгені туралы түйін жасауға болады. Сондықтан, осындай «эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебі не?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады. Сұрау салынғандардың 40 пайызы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай шетін жағдайға барады деп санайды. Ал, 29 пайызы өмірді қию болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірде екен. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ойлауға мұршасы да бола бермейтіні анық. Сондай-ақ, түрлі жағдаяттарға байланысты мінез-құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар.
Осылайша, жүргізілген сауалнама нәтижелері жалпы қазіргі жастардың ортақ мінездемесі деуге әбден болады. Бүгінгі бүкіл әлем халқын шарпыған ғаламдану, бұқаралық коммуникациялық құралдардың шарықтап дамуы және басқа трендтер ең алдымен жастар өміріне орасан зор ықпал етуде. Бұл үрдістен мүлдем бас тарту немесе оқшаулану мүмкін емес. Бірақ, оның теріс, жағымсыз үрдістерін неғұрлым азайту, алдын алу бағытындағы іс-шаралар ғана нәтиже бере алады.
Исламбек МЫРЗАХМЕТОВ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу
орталығының инспекторы