Жаңалықтар

Жұмысшы мамандарды ғана дайындайтын колледж

Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі 1939 жылы Қант зауытының «Фабрика-зауыттық оқыту мектебі» болып ашылған. Білім мекемесі осы уақыт аралығында училище, кәсіптік мектеп, кәсіптік лицей, колледж статусына дейін өзгерді.

Бүгінгі таңда оқу ордасында техникалық, технологиялық бағытта 6 мамандық бойынша мамандар дайындалуда. 86 жылдық тарихы бар іргелі оқу орнында жалпы 416 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуда.

Мұнда «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Электр жабдықтары» мамандықтары оқытылады.

Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайтылып келеді. Жас маман жобасы аясында «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандықтары бойынша материалдық база жаңартылып, заманауи жабдықтар алынды. «Пісіру технологиялары» құзіреттілік орталығында студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберліктерін шыңдайды.

Оқу орны бүгінгі таңда техникалық және технологиялық бағытта мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 100 пайыз жұмысшы мамандарын даярлайды. Өткен жылы 6 мамандық бойынша колледжді бітірген 132 түлектің 118-і, яғни 89 пайызы алғашқы жылы жұмысқа орналасқандар мен қамтылғандар үлесін құрады. Бітіруші түлектерге кепілдендірілген жұмыс орындарын беру мақсатында 2023 жылы 7 кәсіпорынмен 25 студент, былтыр 10 кәсіпорынмен 30 студент келісімшартқа отырып, мақсатты оқу гранттары негізінде білім алуда. Студенттер оқу барысында өндірістік тәжірибелерді аталған кәсіпорындарда өтіп, оқуын аяқтағаннан кейін сол кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылатын болады.

«Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Нан пісіру, макарон, кондитер өндірісі» мамандықтары бойынша модульдік оқыту жүйесі негізінде 2 біліктілік алу қарастырылған. Яғни студенттер бір оқу мерзімі ішінде автомобиль жөндеу слесары мен электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик біліктілігін және наубайшы мен кондитер біліктіліктерін қатар алады.

Оқу бағдарламаларын әзірлеу барысында тағы басымдық берілген бағыттардың бірі – өндірістік тәжірибе. Жалпы оқу сабақтарының 60 пайызы өндірістік тәжірибеге арналды. Студенттер өздерінің машықтары мен дағдыларын шыңдау мақсатында оқу мерзімінің басым көпшілігін кәсіпорындардың базасында өткізеді. 2024-2025 оқу жылында әлеуметтік серіктес кәсіпорындармен жасалған шарттар негізінде студенттер 54 кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтуде.

Колледжде 3 шеберхана, 7 зертхана, 1 оқу полигоны бар. Студенттердің 1 гектар аумақты құрайтын оқу полигонында тәжірибелік сабақтарды өтуіне толық жағдай жасалған. 32 орынға арналған жатақхана студенттерге тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Оқу орнында 45 педагог қызметкер жұмыс атқарады.

Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде туындаған жаңа жобалар мен тың идеялар жастарды жарқын болашаққа жетелейді, толағай табыстарға жеткізеді, мол мүмкіндіктерге жол ашатын болады.

 

Дәурен ТҮМЕНБАЕВ,

Жамбыл индустриалды-технологиялық

колледжінің директоры