Қазақстанға ең көп турист қай елдерден келген?
Былтыр Қазақстанға жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегенде, туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген,деп хабарлайды arainfo.kz
Оның ішінде 10,4 млн адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына енді.
Туризм министрлігі келтірген ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн.
ТМД елдерін есепке алмағанда, Қазақстанға ең көп турист келген елдердің тізімі төмендегідей:
Бірінші орын — Қытай
2024 жылы Қазақстанға 655 мың Қытай азаматы келген. Екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі мен әуе қатынасының ұлғаюы туристер санының айтарлықтай артуына ықпал етті.
Екінші орын — Үндістан
Өткен жылы 146 мың үндістандық турист келген. Елдер арасындағы тікелей әуе рейстері, визалық режимнің жеңілдеуі және туристік бағыттардың дамуы Үндістан азаматтарының елімізге деген қызығушылығын арттырып отыр.
Үшінші орын — Түркия
Қазақстанға 130 мың түрік азаматы саяхаттаған. Бұған тұрақты әуе қатынасы мен мәдени-іскерлік байланыстардың нығаюы әсер етуде.
Төртінші орын — Германия
2024 жылы елімізге 92 мың германиялық турист келген. Олар Қазақстанның этнотуризм, табиғи және мәдени нысандарына ерекше қызығушылық танытуда.
Бесінші орын – Оңтүстік Корея
Былтыр Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 40 мыңға жуық турист келген. Таңғы шық елінен келетін туристер ағыны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Бұған екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің қолжетімдігі, визалық режимнің жеңілдеуі, сондай-ақ Қазақстанның табиғатына, ұлттық тағамдары мен мәдени мұрасына деген қызығушылықтың артуы оң әсерін тигізуде.