Білгім келген бір сұрақ?

Киборг-жәндіктер туралы не білеміз?

XXI ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезеңі. Заманауи технологиялар мен өнеркәсіп бір орнында тұрмай, үздіксіз жетіліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Әлемнің жетекші инженер-құрастырушылары табиғаттан шабыт алып, оның ең тиімді механизмдерін өндіріс пен ғылыми ізденістерге енгізіп келеді.

Жаратылыстану мен инженерияның тоғысуынан пайда болған ерекше бағыттардың бірі – киборг-жәндіктерді зерттеу. Бұл салада жеткен жетістіктердің бірі – адамзаттың жәндіктерді қашықтан басқаруды меңгеруі десек болады. Қалай дейсіз ғой, бүгінде оларды арнайы микросхемалармен жарақтап, бұйрық бойынша қозғалуына, тіпті ұшуына мүмкіндік беру жүзеге асырылуда.

Мысалы, 2006 жылы АҚШ-тың DARPA ғылыми-зерттеу агенттігі алғаш рет түрлі әскери және барлау тапсырмаларын орындай алатын киборг-жәндіктерді әзірлеуге кіріскен болатын. Жобаның алғашқы кезеңдерінде зерттеушілер жәндіктерге миниатюралық электронды схемалар орнатып, оларды тәжірибе алаңына босатқан. Бұл құрылғылар жәндіктің аяқтары, қанаттары мен төменгі жақ сүйектерінің қозғалысын басқаруға мүмкіндік берді. Қимыл бағытын жарық диодты жолақ арқылы бақылауға мүмкіндік туған.

Кейінгі зерттеулерде Сингапурдағы Наньян технологиялық университеті мен АҚШ-тағы Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Олар жәндіктердің арқасына электронды құрылғыларды орналастырып, электродтар арқылы қозғалысты толық бақылауға мүмкіндік беретін «тірі машиналарды» жасап шығарды. Мұндай киборг-жәндіктер тіпті өз салмағынан екі есе ауыр жүкті де көтере алады.

Киборг-жәндіктердің артықшылықтарының бірі – олардың ашық қанайналым жүйесі мен тез қалпына келу қабілеті. Бұл қасиеттер классикалық дрондарға қарағанда оларды тиімді әрі ұзақ мерзімді пайдалануға жол ашады. Ауада қозғалу үшін қажет энергияның аздығы да – бұл технологияның басты тиімділіктерінің бірі.

Зерттеу нысанына көбіне қоңыздар, тарақандар, аралар, шыбындар, шегірткелер мен инеліктер кіреді. Алайда, ғалымдар олардың әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін айтады. Айталық, зоофобиялық қоңыздың шағын өлшемі (2–2,5 см) оны табиғи апат орындарындағы тар әрі күрделі кеңістіктерге жіберуге өте қолайлы етеді.

Мұндай ұшатын және жүретін миниатюралық құрылғылар іздеу-құтқару жұмыстарын неғұрлым тиімді әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың көмегімен апат аймағындағы тірі адамдарды анықтап, күрделі жағдайлардағы шешім қабылдауды жеңілдетуге болады.

Табиғат пен технологияның тоғысуынан туындаған бұл жаңалық болашақта экология, медицина, әскери сала мен апаттан құтқару жұмыстарында кеңінен қолданылуы мүмкін. Ғылым шекараны кеңейтіп, тірі организмдер мен техника арасындағы жаңа байланыстың негізін қалап отыр.

                                                           Айжан ӨЗБЕКОВА