Қанатты ой шындыққа айналды
Жуырда Ташкент қаласында өткен халықаралық AICA Awards 2025 байқауында Орталық Азияның үздік AI-стартаптары анықталды. Бес елден жиналған алпыстан астам жоба арасынан қазақстандық Úmit стартапы «Жасанды интеллект саласындағы үздік стартап» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Айта кетейік, аталған стартаптың авторлары Әулиеата өңірінен шыққан дарынды жастардан құралған.
Өнертапқыштар ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған ақылды капа ойлап тапқан. Бұл құрылғыны адам аузына салып алып тілі мен басын қозғалту арқылы компьютер тінтуірін немесе электрлі арбаны басқара алады. Яғни, тіпті толық сал ауруына шалдыққан адам да осы құрылғы арқылы оқып-жаза алады, бағдарлама жасап, тіпті бейнелер де құрастырса болады. Команда Қанат Тәжіхан, Әли Жазықбай, Мәди Тәжіхан, Барысхан Қалдыбай есімді төрт өреннен тұрады.
Стартаптың белді мүшесі, өнертапқыш Қанат Тәжіхан жобаның негізгі артықшылықтарымен бөліскен болатын.
Жақында команда құрылғының жаңа үлгісін жасап шығарды. Жаңартылған нұсқада сенсорлар бұрынғыдан да жылдам, сенімді әрі ыңғайлы жұмыс істейді.
AICA Awards – Орталық Азияда жасанды интеллектке арналған тұңғыш халықаралық премия. Ол ұлы математик, алгебра негізін қалаушы Мұхаммед ибн Муса әл-Хорезми есімімен аталады. Мақсаты – аймақты жаһандық AI-хабқа айналдыру. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан ондаған жоба қатысты.
Біздің стартаптың инновациялық жобасы практикалық маңыздылығы және кең тарату әлеуеті үшін ерекше аталып өтті. Команда байқаудың бірнеше кезеңінен өтіп, бес елдің венчурлік инвесторларынан және индустрия көшбасшыларынан құралған қазылар алқасының алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.
– Жобамыздың жеңіске жеткенін естігенде қатты қуандық. Бұл бір естен кетпес оқиға болды десем де болады. Бір сәтте қуаныш, мақтаныш, толқу секілді бірнеше эмоцияны сезіне білдік. Бұл екі жылдық тынымсыз еңбектің, идеялар мен сәтсіз эксперименттердің, сенім мен табандылықтың жемісі деп білеміз. Ең бастысы – бұл жеңіс тек біздің ғана емес, Қазақстанның да жеңісі. Біз де жасанды интеллект саласында көш бастай алатынымызды дәлелдедік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық», деп атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде жасанды интеллектіні дамытуға барлық жағдай жасалған. Тек еңбек етсең болғаны.
Бүгінде біз халықаралық акселераторларға қатысып, гранттар ұтып алуға және өнімді кең көлемде өндіруге көшуді көздеп отырмыз. Зертхана ашып, құрал-жабдықтар сатып алып, толық өндірістік желіні іске қосу жоспарымызда бар. Біздің арманымыз – Úmit-ті Қазақстаннан шыққан келесі «единорог-компанияға» айналдыру,-дейді Қанат Тәжіхан.
AICA Awards байқауындағы жеңістен кейін команда жобаны жаһандық деңгейге шығаруға белсенді кірісіп кетті. Басты мақсат – жоғары технологиялы өнімді өндірістік кезеңге жеткізу. Осы орайда топ мүшелері инвесторлар мен серіктестерді іздеп, ашық ынтымақтастыққа дайын екендерін айтуда. Бұл болашақта жай ғана технологиялық жоба емес, адам тағдырын өзгертуге бағытталған маңызды бастама болмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА