Көрме залынан көрермен үзілмейді
2016 жылдан түрлі этнос өкілдерінің жәдігерлері мен қолөнер бұйымдарын жинап келе жатқан «Достық» үйіндегі көрме залы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай көптеген мәдени іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырып, береке-бірлікт, ізгілік жолды насихаттап келеді.
Атап айтатын болсақ, Халықаралық ана тілі күніне орай «Ана тілің алпыс тілге татиды» атты облыстық каллиграфия көрмесі өтті. Іс-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, облыс суретшілері, қолөнер шеберлері, музей қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты. Көрмеге облыс суретшілерінің 25 туындысы қойылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұдан бөлек, 30 жылдық мерейтойға орай, «Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен жетістіктері» көрмесі ашылды. Көрмеге Қазақстан халқы Ассамблеясының 40-қа жуық тарихи суреті, этномәдени бірлестіктердің құрылу тарихын айғақтайтын архив құжаттары, 30 жыл көлемінде жарық көрген кітаптар коллекциясы, этномәдени бірлестік өкілдерінің тарихи Отанынан алып келген кәдесыйлары қойылды. Көрмені 10 күннің ішінде 1 000-нан аса адам тамашалады.
Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында экспозиция ашылды. Экспозицияда Ассамблея ардагерлерінің жеке заттары, медальдары, фотосуреттері, архив құжаттары, алғыс хаттар сынды құнды жәдігерлер қойған.
Өзге этнос өкілдерінен құралған «Арт-Тараз» шығармашылық тобының «Шабыт» көрмесі де көрерменнің көңілінен шықты. Көрмеге жергілікті 20 суретшінің 60-тан аса картинасы қойылып, 4 күн бойы қала қонақтары мен тұрғындарыныңы назарына ұсынылды.
2024 жылы ашылған көрме залындағы «Алтын шаңырақ» алаңшасында да қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Арнайы дайындалған алаңшада этномәдени бірлестіктердің тарихи Отанынан алып келген кәдесыйлары, тұрмыста қолданған заттары, қолөнер туындылары, ұлттық киімдері қойылған. «Қоғамдық келісім» мекемесінің көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаеваның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында «Достық» үйіндегі көрмені тамашалауға 800 адамды қамтитын 20-ға жуық экскурсия ұйымдастырылыпты.
Көрме залының тағы бір бағыты – ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерді насихаттау. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қолөнер шеберлері клубы құрылған. Аптасына 2 рет қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын ұйымдастырып тұрады. Биылғы жылдың өзінде клуб мүшелері қызығушылық танытытқан жандарға арнап 10-нан аса шеберлік сабағын өткізді.
Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай «Менің әлемім» бейнелеу және қолөнершілер көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатына «Torri ART» және «Мерей» шығармашылық студиясы мен «Вундеркинд» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, Тараз қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен техникалық шығармашылық, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтарының оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдауды және насихаттауды мақсат еткен іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне бірқатар мектептердің оқушылары да үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Салтанатты жиынды «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева құттықтау сөзімен ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Жиынға арнайы келген керамист-суретші, Тараз қаласының «Арт Тараз» Суретшілер одағының мүшесі Индира Губашева және Тараз қаласындағы №40 гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі Татьяна Вотинцева көрменің ашылу салтанатында ізгі тілектерін білдіріп, көрермен назарына ұсынылған туындылардың маңыздылығына, жастардың шығармашылық қабілеттеріне тоқталды.
Көрмеге 5-16 жас аралығындағы 130-дан аса жас суретші мен қолөнершінің 200-ге жуық туындысы қойылған. Іс-шара мекеме басшысы Мүбарак Қасымқызы қатысушылардың еңбектерін бағалап, жас таланттарға алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты жиын соңы көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаеваның қонақтарды көрме жұмысымен таныстыруымен тәмамдалды.
Назерке ОҢҒАР,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің жетекші сарапшысы