Қоғам

«Алтын шаңырақ» – студенттік бірлік пен татулықтың бастауы

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен еліміздің жоғары оқу орындарында жүзеге асып жатқан игі істердің бірі – студенттік ассамблеялар құру. Бұл – жастарды бейбітшілік пен келісім құндылықтары аясында тәрбиелеу арқылы ел болашағын берік етудің жарқын үлгісі.

Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттер мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділерінің қатысуымен «Алтын шаңырақ» атты студенттік құрылымның ресми ашылуы өтті. Бұл ұйым жастарды ортақ мүдде, ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруды көздейді.

Жиынды ашқан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Махметғали Сарыбеков студенттік құрылымның маңыздылығына тоқталды.

Жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева игі бастамаға сәттілік тіледі.

Басқосу барысында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары және өңірлік жастар бірлестігінің төрайымы Хамида Турдыева студенттік ассамблеяның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған тың идеялардың орталығы болатынына сенім білідрді.

Ал «Алтын шаңырақ» студенттік ассамблеясының төрағасы болып Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының І курс студенті, кәріс этносының өкілі Аяна Ким сайланды. Қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген жас көшбасшының жаңа міндетті абыроймен атқаратынына қатысушылар сенім білдірді.

Жаңа құрылған студенттік құрылым құрамына «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары енді. Алдағы уақытта бұл ұйым жастар арасында қоғамдық келісім мен патриоттық тәрбиені насихаттау бағытында түрлі форматтағы кездесулер, форумдар, еріктілік жобалар мен мәдени шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Алтын шаңырақ» – атауына сай жастарды бірлік пен өзара түсіністікке тәрбиелейтін, олардың идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін рухани орта болары анық.

 

Бибігүл ШАХЗАДА,

«Қоғамдық келісім» мекемесінің «Ақпараттық жұмыс және

қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы, бас сарапшысы